Көңілдесін ұрған әкім сотта Тоқаевтың сөзін айтып ақталмақ болды

9 қазан, 2025 / Қайсар Қалам
Сурет: gov.kz

Ақтөбе облысында Қандыағаш қаласының әкімі Қазбек Аққайыр әйелді соққыға жыққаны үшін кінәлі деп танылды. Сот оған 314 560 теңге айыппұл салды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Іс қаралып жатқан кезде, үйлі-баранды шенеунік көңілдесі болғанын мойындады, бірақ ұрмағанын айтты. Сондай-ақ ол «оның салдарын отбасымның алдында тартып жатырмын» деп мәлімдеді.

Аққайыр өз әрекетіне өкінетінін айтып, тіпті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін келтірген:
«Президент әйелдердің ішінде айғайлап, ұрыс шығарып, қоғамдық тәртіпті бұзатындары бар екенін айтқан. Ондай әйелдер бізде де, Қандыағашта да бар», — деген ол.

Дегенмен сот Қазбек Аққайырды әйелді ұрып-соққаны үшін кінәлі деп таныды. Ол 314 560 теңге айыппұл төлейді. Сонымен қатар бұрынғы сүйіктісіне 100 000 теңге моральдық зиян өтемақысын және сонша мөлшерде адвокат шығынын өтеуге міндеттелді.