ХАМАС Израильмен соғыстың аяқталғанын жариялады

Бүгін, 08:30 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзден

ХАМАС ұйымының келіссөздер жетекшісі Халиль әл-Хайяның айтуынша, АҚШ пен делдалдар қозғалысқа алғашқы кезеңдегі атысты тоқтату туралы келісім «Газадағы соғыстың түпкілікті аяқталуын» білдіретініне кепілдік берген, деп хабарлайды Arasha.kz.

Израиль мен ХАМАС Газа секторындағы қақтығысты тоқтату жөніндегі бейбіт жоспардың алғашқы кезеңіне қол қойғанын алғаш болып Дональд Трамп хабарлаған еді. Енді бұл ақпаратты ХАМАС-та растады.

Al Jazeera жазғандай, келісімнің бастапқы бөлігі тұтқындармен алмасуды және Израиль әскерінің Газадан шығуын қарастырады.

Келісім шарттарына сәйкес, Израиль өмір бойы бас бостандығынан айырылған 250 палестиналықты және қақтығыс басталғалы тұтқындалған 1 700 газалықты босатады.

Әл-Хайяның айтуынша, бітім ұзақ мерзімді атысты тоқтатуға, гуманитарлық көмекті жеткізуге және Мысырмен шекара өткелін ашуға мүмкіндік береді.

Трамптың бейбіт жоспарының келесі қадамдары әлі талқыланады. Газа секторын соғыстан кейін кім басқаратыны және қарусызданудан бас тартқан ХАМАС-тың болашағы сияқты мәселелер шешілмеген күйде қалуда.

Ал осы арада Трамп келісімге қол қою рәсіміне қатысу үшін Мысырға баруды жоспарлап отырғанын айтты.

«Мен сол жаққа баруға тырысамын. Біз мерзімдерді нақтылап жатырмыз және Мысырға барып, қосымша қол қою рәсімін өткіземіз. Менің атымнан қол қойылған, бірақ енді ресми рәсім болады», — деді АҚШ президенті.
 

Тэгтер:

Трамп соғыс Израиль ХАМАС