Трамп: Біз НАТО-мен бірге Ресейге қысымды күшейтіп жатырмыз

Бүгін, 09:44 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзден

АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйдегі Оваль кабинетінде Финляндия президенті Александр Стуббты қабылдап, журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, Украинадағы соғысты тоқтату бағытындағы өз әрекеттері туралы айтты. Оның айтуынша, Ресей президентімен келіссөз жүргізу талпыныстары нәтиже бермеген соң, АҚШ одақтастарымен бірге Мәскеуге қысымды арттырып жатыр, деп хабарлайды Arasha.kz.

«Иә, біз қысымды күшейтіп жатырмыз. Бірлесе күшейтіп жатырмыз. Барлығымыз бірге әрекет етудеміз. НАТО — тамаша ұйым, — деп келтіреді Трамптың сөзін AFP агенттігі.

Александр Стубб Трамппен жылы қарым-қатынас орнатқан саясаткер ретінде белгілі. Көптеген сарапшылар оның Трамптың Украина мен НАТО-ға қатысты көзқарасын жұмсартуға ықпал еткенін айтады.

Трамп сондай-ақ Еуропадан америкалық әскерді әкету ниеті жоқ екенін мәлімдеді. Бұл — оның әкімшілігіндегі кейбір шенеуніктердің ұстанымына қайшы пікір.

«Біздің Еуропада көп әскеріміз бар, білесіздер, өте көп. Оларды сәл ғана қайта орналастыруымыз мүмкін, бірақ жалпы алғанда бәрін бұрынғыша қалдырамыз», — деп Трамптың сөзін Reuters агенттігі келтіреді.

Ал АҚШ Ресейге жаңа санкциялар енгізе ме деген сұраққа Трамп: «Мүмкін, енгізермін», — деп жауап берді.

Тэгтер:

ресей украина Трамп нато