Мұндай шешімді реттеуші соңғы рет биыл наурыз айында қабылдаған болатын, деп хабарлайды Arasha.kz.
Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені жылдық 18%-ға дейін, дәлізді +/-1 пайыздық пункт шегінде көтеру туралы шешім қабылдады. Бұл туралы 10 қазан күні ақша-несие саясаты жөніндегі кезекті отырыста мәлім болды.
Жыл басынан бері бұл – базалық мөлшерлеме мәселесі қаралған Ұлттық банктің жетінші отырысы.
Биыл 17 қаңтарда базалық мөлшерлеме 15,25% деңгейінде сақталған еді.
7 наурызда Ұлттық банк мөлшерлемені 16,5%-ға дейін көтеру туралы шешім қабылдады. Ол кезде реттеуші жаңартылған инфляция және экономикалық өсім болжамдарына, сондай-ақ макроэкономикалық үрдістердің кешенді бағасына және тәуекелдер балансына сүйенген болатын.
11 сәуірде Ұлттық банк инфляцияның ағымдағы серпіні мен тәуекелдер теңгерімін ескере отырып, мөлшерлемені 16,5% деңгейінде қалдырды.
5 маусымда да регулятор базалық мөлшерлемені өзгертпей, 16,5% деңгейінде сақтады. Бұл шешім нақты деректерді, жаңартылған болжамдарды және инфляциялық тәуекелдер балансын талдау негізінде қабылданды.
11 шілдеде және 29 тамызда өткен отырыстарда да мөлшерлеме өзгеріссіз қалды (16,5%). Тамыздағы шешім болжамдық раунд нәтижелеріне, яғни негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер мен инфляциялық тәуекелдердің жаңартылған бағасына негізделді.
Ағымдағы жылдың соңғы, сегізінші отырысы 29 қарашаға жоспарланған.