Елдің оңтүстігінде әкімдер жерді заңсыз таратқан

Бүгін, 11:35 / Қайсар Қалам
Сурет: livingasia.online

Түркістан облысында әкімдіктер мемлекет меншігіндегі жерлерді заңсыз беріп, мемлекетке шамамен 2 миллиард теңге залал келтірген. Бұл туралы облыстық прокуратураның жер заңнамасының сақталуына арналған алқа отырысында айтылды, деп хабарлайды Arasha.kz прокуратура сайтына сілтеме жасап.

Отырыста анықталған заңбұзушылықтардың себептері мен салдары талқыланды, сондай-ақ әкімдердің жауапкершілігіне ерекше назар аударылды.

Қадағалаушы органның мәліметінше, соңғы үш жылда (2023–2025) әкімдіктер жалпы аумағы 6 мың гектардан асатын 190 жер телімін заңсыз берген. Олардың жалпы құны – 1,8 миллиард теңге.

«Әкімдер жер заңнамасында көзделген конкурс талаптарын айналып өтіп, мемлекет жерлерін бау-бақша шаруашылығына, жеке қосалқы шаруашылыққа және қосымша учаскелер ретінде заңсыз бөліп бергені анықталды. Сонымен қатар 400 гектар (150 телім) жердің нысаналы мақсаты заңсыз түрде кәсіпкерлік қызметке өзгертілген. Ешбір жағдайда архитектуралық-қала құрылысы құжаттарының талаптары сақталмаған», – делінген прокуратура хабарламасында.

Отырыс барысында заңсыз құрылыс, жеке тұрғын үй алу кезектілігі және жерді тиімді пайдалану мәселелері де қаралды.

Нәтижесінде тиісті мемлекеттік органдарға хаттамалық тапсырмалар берілді. Сондай-ақ прокуратура заң бұзған лауазымды тұлғаларды жауапқа тарту мәселесін қарауды ұсынды.

Айта кетсек, жер заңнамасын бұзу деректері Қазақстанның басқа өңірлерінде де жиі кездеседі. Мәселен, биыл жазда Маңғыстау облысында жерді өз анасның атына рәсімдеген шенеунік сотпен жазаланған.
 

Тэгтер:

әкім прокуратура жер телімі