АҚШ-тағы оқ-дәрі зауытында жойқын жарылыс болды, қаза тапқандар бар

Бүгін, 11:44 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзден

АҚШ-тың Теннесси штатында жұма күні жарылғыш заттар шығаратын зауытта қуатты жарылыс болды. Билік 19 адамның із-түзсіз кеткенін және қаза тапқандардың нақты саны әзірге белгісіз екенін хабарлады, деп хабарлайды Arasha.kz сайты BBC-ге сілтеме жасап.

Қазіргі уақытта қаза тапқандар мен жараланғандардың нақты саны анықталған жоқ, сондай-ақ жарылыстың себебі де белгісіз. Оқиға орнынан түсірілген суреттерде ғимараттың толық қирағаны және жанында бірнеше көліктің өртеніп кеткені көрінеді. Куәгерлердің айтуынша, жарылыс дауысы бірнеше миль қашықтықтан естілген.

Жарылыс жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 08:00-ге дейін (Гринвич уақытымен 16:00-де) Accurate Energetic Systems компаниясының Вест-Макьюэн елді мекеніндегі зауытында болған.

«Бізде бірнеше із-түзсіз кеткен адам бар. Туыстарының жағдайын түсінеміз, бірақ, өкінішке қарай, қаза тапқандар да бар», – деді жергілікті шериф Крис Дэйвис журналистерге.

Accurate Energetic Systems компаниясының сайтында олардың жаяу әскерге қарсы миналар, әскер мен ғарыш саласында қолданылатын жарылғыш ұнтақтар, сондай-ақ ғимараттарды бұзуға арналған жарылғыш заттар шығаратыны жазылған.

Зауытқа ең жақын ірі қала – Нэшвилл, ол шамамен 90 шақырым жерде орналасқан.

Хикман округінің мэрі Джим Бейтс CNN арнасына берген сұхбатында бұл зауытта соңғы рет төтенше жағдай 2014 жылы болғанын, ол кезде шағын жарылыс тіркелгенін және содан бері өндірістегі қауіпсіздік мәселелері байқалмағанын айтты.

Тэгтер:

АҚШ жарылыс қару зауыты