Ким Чен Ын Пхеньяндағы әскери парадта алғаш рет «Хвасон-20» зымыранын таныстырды. АҚШ аумағындағы нысандарды да жоюға қабілетті бұл зымыранның көрсетілімі жоғары лауазымды қонақтар мен әлемдік қауымдастықты таңқалдыру мақсатында ұйымдастырылған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Солтүстік Корея басшылығы 11 қазан, сенбі күні Пхеньянда екі жылдан кейін алғаш рет ірі әскери парад өткізді. Онда жаңа құрлықаралық баллистикалық зымыран көпшілікке алғаш рет ұсынылды. Мемлекеттік ақпарат агенттігі ЦТАК бұл зымыранды «Хвасон-20» деп атап, оны «ең қуатты ядролық стратегиялық қару» деп сипаттады.
Өз сөзінде Ким Чен Ын қарулы күштерді «кез келген қатерді жойып, жеңілмейтін әскерге айналуға» шақырды.
Парад Ким Ир Сен атындағы алаңда, билеуші Корея Еңбек партиясының 80 жылдығына орай өтті. Құрметті қонақтар қатарында Қытай премьер-министрі Ли Цян, Ресей Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев және Вьетнам Коммунистік партиясының Бас хатшысы То Лам болды.
Ресми фотосуреттердің бірінде олар Ким Чен Ынның қасында тұр. Ал ЦТАК жариялаған басқа кадрларда ұзын «Хвасон-20» зымыраны солтүстіккореялық тулар ұстаған көрермендердің алдынан өтіп бара жатқан сәт бейнеленген.