Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының (KazGASA/ҚазБСҚА) студенттері метроның «Қалқаман» станциясы құрылысының алаңына барды. Жер асты және жер үсті жұмыстардың ауқымын бағалап, теориялық білімнің нақты инженерлік шешімдерде қалай іске асатынын көруге мүмкіндік берген — бас мердігер «BCN Group» («Bazis Construction») ЖШС.
Ұзындығы 1 591 м болатын сол жақ аралық тоннельде шу деңгейін төмендететін түйіспесіз, шпалсыз жолдың төселуі аяқталуға жақын. Оң жақ тоннельде жобалық 1 593 м белгіге шығу үшін шамамен 400 м қазу қалды, содан кейін мұнда да жол төсеу жұмыстары басталады.
Тоннельдер қолданыстағы «Б. Момышұлы» станциясын салынып жатқан «Қалқаман» станциясымен жалғайды. Мұнда монолитті жұмыстар аяқталуға жақын; дайын блоктарда әрлеу жүріп жатыр, жабдық орнату және инженерлік желілерді монтаждау жұмыстары жүргізілуде.
Жобаның басқарушы директоры Мурат Үкшебаевтың айтуынша, «BCN Group» («Bazis Construction») ЖШС 2020 жылы Алматы метросының бірінші желісінің үшінші кезегін («Б. Момышұлы» — «Қалқаман» учаскесі) салу бойынша ашық конкурста жеңіске жетті. Қорытындылау кезінде комиссия компанияның қаржылық орнықтылығын, техникалық күрделі нысандардағы тәжірибесін, тау-кен және тоннель қазу жұмыстарына арналған лицензияларын ескеріп, біліктілік талаптарына сәйкестігін растады. Мұны Мемлекеттік сатып алу порталындағы қорытынды хаттамадан оңай-ақ көруге болады.
Компания Алматы метросы мен ТМД елдеріндегі нысандарда көпжылдық тәжірибесі бар метроқұрылысшылардың толық құрамын сақтап, жұмысқа қабылдады; қатарында БАМ, Транссібір магистралі сияқты жобаларға қатысқан мамандар да бар.
2021 жылдың соңында желіні «Барлық» базарына дейін ұзарту перспективасын ескере отырып, тапсырыс беруші — «Метрополитен» ШЖҚ МКК — тоннельдердің трассасын және «Қалқаман» станциясының орналасуын өзгерту туралы шешім қабылдады. ПСД-ге өзгерістер енгізу кезеңінде (жобалау-сметалық құжаттаманы «Метропроект» ЖШС әзірлеген), сондай-ақ мемлекеттік сараптамадан өту барысында (ол 2023 жылғы сәуірде аяқталған) тоннель қазу жұмыстары уақытша тоқтатылған болатын. Қаржыландыру түскеннен кейін, 2023 жылғы мамыр айында жұмыстар қайта жалғастырылды.
Жаңартылған жобалау-сметалық құжаттамада құрылыс құны қайта қаралды: бастапқы жобада материалдар мен жабдықтардың 2017 жылғы бағалары негізге алынған болатын, сонымен қатар доллар мен теңге бағамы едәуір өзгерді.
Станция алаңында құрылыс-монтаж жұмыстарына кірісу 2025 жылғы сәуірдің соңында ғана мүмкін болды — қала әкімдігінің уәкілетті бөлімдері трассадағы жер телімдерін алып, үйлерді сүру рәсімдерін толық аяқтағаннан кейін.
Нормативке сәйкес станция мен екі тоннельді салу 36 айды алады. Іс жүзінде «BCN Group» («Bazis Construction») ЖШС жұмыстарды таза өндірістік уақытпен 29 айда орындайды (мәжбүрлі үзілістерді есептемегенде), соның ішінде станция нормативтегі 24 айдың орнына 14 айда салынады. Нысанды пайдалануға беру 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына жоспарланған.
Сұрақтарға жауап бере отырып, М. Үкшебаев тау қазу кешені бір мезетте қазып, тоннельдің темірбетон қаптамасын қалыптастыратынын және өнімділігі геология мен технологиялық «терезелерге» байланысты тәулігіне 4 метрге дейін жететінін атап өтті. Ұзындығы 120 м учаскеде диаметрі 1,5–3 м ірі тастар (валундар) кездескен — оларды уату мен шығару жұмыстың қарқынын айтарлықтай баяулатады. Ал жобалаушының бастапқы есебінде валундардың өлшемі 20–40 см (сирек 50 см-ден артық) деп көрсетілген.
«Біз қарқынды төмендетпейміз: жобада тәулігіне үш ауысымда 400-ден астам маман еңбек етуде — олардың 124-і жер астында, 293-і жер үсті учаскелерінде. Техникалық жарақтандыру мен тәулік бойғы жұмыс кестесі жобаны белгіленген мерзімде аяқтауға мүмкіндік береді», — деді жоба жетекшісі.
«Барлық» базарына дейінгі жаңа учаскелерді салуға қатысу жөнінде шешім қабылданса, «BCN Group» (Bazis Construction) ЖШС қолдағы екі кешенге қоса, тағы екі заманауи тау қазу кешенін сатып алады, жеткізушімен келісімшартқа қол қою сатысында. Бұл үш жыл ішінде жаңа желінің 5,3 км бөлігін қазуға және үш станцияны салуға мүмкіндік береді. Тапсырыс беруші тарапынан негізгі шарттар: уақтылы қаржыландыру, жобалық шешімдерді және құрылыс алаңын жедел беру.
Сонымен қатар, тапсырыс берушіде қаражат тапшылығы туындаса, компания екі шешім ұсынады. Біріншісі — қазақстандық банктер арқылы қаржыландыру және жобаны МЖӘ тетігі негізінде іске асыру (банктердің алдын ала мақұлдауы бар). Екіншісі — жетекші әлемдік құрылыс компаниясымен консорциум құрамында қатысып, төмен пайызбен ұзақ мерзімді қаржыландыру тарту.
Құрылыстың динамикасы мен метроны дамытудың перспективаларымен танысқан студенттер ірі жобалардың жүзеге асуы жобалаушылардың, инженерлер мен проходшылардың үйлесімді еңбегінің нәтижесі екенін тағы бір мәрте көрді. Ертеңгі жаңа желілерде осы алматылық метроқұрылысшылардың жас толқыны да еңбек етуі әбден мүмкін.