Қаржы министрлігі автобустағы жолақы 500 теңге болады деген сөзге жауап берді

Бүгін, 13:20 / Қайсар Қалам
Сурет: Әкімдік

Мемлекет қоғамдық көліктегі жолақының күрт қымбаттауына жол бермейді. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.

«Бұл – жеке бір маманның сараптамалық пікірі ғана. Ол “баға 500 теңге болуы мүмкін, болуы тиіс” деген. Әрине, қоғамдық көлік ең алдымен халыққа бағытталған, сондықтан жолақының күрт өсуіне еш жол берілмейді. Егер қоғамдық көлікте баға өсетін болса, мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі», – деді Біржанов үкіметтегі брифингте.

Бұған дейін энергетика министрінің бұрынғы кеңесшісі, сарапшы Олжас Байділдинов автобуста жүру ақысы 500 теңге болуы керек деген пікір білдірген еді.

Айта кетейік, қазір Астанада автобуспен жүру құны – 110 теңге. Байділдиновтың мәлімдемесі бағаның өсуі мен халықтың сатып алу қабілетінің төмендеуі аясында айтылды.

Еске сала кетсек, 2022 жылғы Қанды Қаңтар оқиғалары кезінде Байділдинов сұйытылған газ бағасының қымбаттауына қатысты «наразы болғандар қоғамдық көлікке отырсын» деп айтқан еді. Сондай-ақ, ол газ бағасының литріне 15–20 теңге көтерілуін «болмашы сома» деп атап, «біз интернетке одан да көп төлейміз» деген болатын. Бұл сөзі наразылық танытқандар арасында үлкен ашу туғызған. Кейін интернет қолданушылары оның «қоғамдық көлік» туралы сөзін еске алып, Қаңтар оқиғасы кезінде жүк көлігінің кузовында жүрген қарулы адамдардың кадрларын талқылаған.
 

Тэгтер:

министрлік автобус Олжас Байділдинов жол ақы 500 теңге