Михаил Ходорковский мен «Ресейдің Соғысқа қарсы комитеті» мүшелеріне билікті күшпен басып алу және террористік қауымдастық құру ісі қозғалды. Бұл туралы ресейлік ақпарат агенттіктері ФСБ мәлімдемесіне сілтеме жасап мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Айып тағуға 2023 жылы қабылданған «Ресейдің Соғысқа қарсы комитетінің» декларациясы мен Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясында (ПАСЕ) Ресейдің демократиялық күштері платформасының құрылуы себеп болған.
ФСБ мәліметінше, бұл платформа Ходорковскийдің бастамасымен Батыс елдері алдында «өтпелі кезеңнің құрылтай жиналысы және Ресей Федерациясының билік органдарына балама құрылым» ретінде көрсетілген.
Іс Ходорковский мен оның 22 «серіктесіне» қарсы қозғалды. Олардың қатарында Михаил Касьянов, Марат Гельман, Леонид Гозман, Владимир Кара-Мурза, Сергей Алексашенко, Дмитрий Гудков, Сергей Гуриев, Борис Зимин, Евгений Чичваркин, Виктор Шендерович, Гарри Каспаров, Артур Смольянинов және Екатерина Шульман бар. Олардың барлығы «шетел агенттері» тізіміне енгізілген.
ФСБ мәліметінше, комитеттің негізін қалаушылар «террористік деп танылған украин ұлттық бөлімшелерін қаржыландырып, Ресейде билікті күшпен басып алу үшін содырларды жинап жатыр».
Сонымен қатар, Михаил Ходорковскийдің өзіне «террористік әрекеттер жасауға жария түрде шақыру» айыбы тағылған.