Ресейлік саяси технологтар Қазақстан өміріне қалай әсер етіп жатыр?

Бүгін, 15:13 / Қайсар Қалам
Сурет: видеодан скрин

Соңғы уақытта Алматыда өткен Be Woman атты әйелдер форумы төңірегінде қоғамда үлкен дау туындады. Әлеуметтік желілерде сынның күшеюін кейбір танымал тұлғалар «хейтерлік толқын» деп бағаласа, сарапшылар мен құқық қорғаушылар мұны халықтың үнін өшіру әрекеті деп қабылдады, деп хабарлайды Arasha.kz сайты Еxclusive.kz-ке сілтеме жасап.

Құқық қорғаушы әрі саясаттанушы Ғалым Агелеуовтың айтуынша, форум айналасындағы дау — билік пен қоғам арасындағы терең алшақтықтың көрінісі.

«Қазір билік пен псевдоэлита ұсынатын күн тәртібі ескірген. Халықтың нақты сұранысы ескерілмей отыр. Сондықтан қоғамда наразылық артуы заңды», — дейді ол.

Агелеуовтің пікірінше, форумның басты дауы Ресейден шақырылған Алексей Ситников есімді саяси технологпен байланысты. Ол 2005 жылғы президенттік сайлауда «Отан» партиясына қызмет еткен, электоратқа бағытталған манипуляциялық ақпараттар ұйымдастырған тұлға ретінде танылған.

Сол жылдары ол «ауыл жастары қалаға келіп, тәртіп бұзады» деген секілді жалған үрей тудырған хабарлар таратып, халықты оппозициядан алыстатуға тырысқан. Мақсат — қоғамды қорқытып, тек авторитарлық билік арқылы ғана тәртіп сақталады деген ойды орнықтыру болған.

Бүгінде мұндай технологиялар әлі де қолданыста. Бұрын «Отан» мен «Нұр Отанға» қызмет еткен мамандар енді «Аманат» партиясының саяси имиджін қалыптастыруға қатысып жүр. Сарапшының айтуынша, билік пен оған жақын элита әлі де өткеннің әдістерінен бас тартпаған:

«Авторитарлық ойлау жүйесі қоғамды дамытпайды. Ресейлік идеологтарды форумдарға шақыру арқылы билік Кремльдің үнін Қазақстанға сіңіруге тырысуда», — дейді ол.

Ғалым Агелеуов сонымен қатар халықтың наразылығы — саяси жетілу мен ақпараттық иммунитеттің белгісі екенін айтады.

«Қазір қазақстандықтар өз пікірін ашық айтуға дайын. Біз сырттан келген глашатайлардың емес, өз сарапшыларымыздың сөзін тыңдағымыз келеді», — дейді саясаттанушы.

Оның пікірінше, мұндай қоғамдық серпін билікке сабақ болуы тиіс: халықпен диалог орнатып, пікірін ескеру қажет. Әйтпесе, «Жаңа Қазақстан» ұраны шынайы мазмұнын жоғалтады.

Маман мәдени саясаттағы өзгерістерге де назар аударды. Бұрын Қазақстанның халықаралық имиджін көтерген «Еуразия» кинофестивалі сияқты ірі шаралар тоқтап, олардың орнын жабық форматтағы форумдар алмастырған.

«Кинофестиваль кезінде біз еліміздің әлемдік мәдени кеңістікке еніп келе жатқанын сезетінбіз. Енді ол жоқ. Бұл — қоғамның құндылықтық деградациясының тағы бір белгісі», — дейді ол.

Сарапшының ойынша, Қазақстанның мәдени және саяси жаңғыруы — тек еркін пікірталас пен ашық диалог болғанда ғана мүмкін. Сонда ғана жаңа идеялар мен ұлттық сананы бейнелейтін шығармалар туындайды.

Қазақстан қоғамы қазір ақпараттық және идеологиялық тұрғыдан жаңа кезеңге аяқ басты. Ресейлік саяси технологиялар мен сыртқы ықпалдарға төтеп беру үшін ел ішіндегі азаматтық сана мен мәдени тәуелсіздікті күшейту қажет. Халықтың үніне құлақ асу — тұрақтылықтың және дамудың басты кепілі.

Тэгтер:

қазақстан ресей форум Алексей Ситников саяси технологтар