Түркі елдерінің азаматтары Түркияда азаматтық алмай-ақ жұмыс істей алады

Бүгін, 17:02 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзден

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған қол қойған жаңа жарлық күшіне енді. Ол жарлыққа сәйкес, түркі мемлекеттерінің азаматтарына Түркияда жұмыс істеу үшін енді Түркия азаматтығын алу қажет емес, деп хабарлайды Arasha.kz.

Құжатқа сай, түркі елдерінен келген шетелдіктерге Түркияның мемлекеттік және жекеменшік мекемелерінде, сондай-ақ түрлі кәсіп салаларында еркін еңбек етуге рұқсат беріледі. Алайда олар қарулы күштер мен қауіпсіздік органдарында қызмет ете алмайды.

Жаңа ережеге сәйкес, жұмыс істеуге рұқсат тек кәсіби талаптарға сай келген шетел азаматтарына беріледі. Бұл шешімді Түркияның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ішкі істер және Сыртқы істер министрліктерінің пікірімен келісіп қабылдайды.

Рұқсат алған шетел азаматтары Түркия азаматтарымен тең дәрежеде кәсіби бірлестіктерге тіркеліп, олардың мүшелік құқықтарын пайдалана алады. Дегенмен, жарлық бойынша саяси құқықтар берілмейді – яғни шетел азаматтары сайлауға қатыса алмайды және кәсіби бірлестіктердің басшылық органдарына сайланбайды.

Жарлықтың орындалуын тиісті министрліктер бақылайды. Ал жаңа ережелерді іске асыру тетігі Түркия президентінің бөлек өкімімен бекітіледі.
 

Тэгтер:

түркия жұмыс түркі елдері