Ақмола облысында мамонт сүйегі табылды

Бүгін, 09:02 / Қайсар Қалам
Сурет: Ұлттық музей

Жуырда Ақмола облысы, Бұланды ауданы Новобратское ауылы маңынан түкті мамонттың төменгі жақ сүйегі мен жілік сүйектері табылды. Бұл туралы ҚР Ұлттық музейі мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Алғашқы сараптама бұл сүйектердің 40–15 мың жыл бұрын өмір сүрген, жасы 40–50 шамасындағы ересек мамонтқа тиесілі екенін көрсетіп отыр.

Бұл құнды олжаны агрохолдинг қызметкерлері Әділет Омаров пен Әлжан Рақышев тауып, бірден ҚР Ұлттық музей мамандарына хабарлаған. Қазір жәдігер музейдің арнайы зертханасында сақтаулы.

Мамандар бұл жерде толық қаңқа табылуы мүмкін дейді. Алдағы маусымда кеңкөлемді қазба жұмыстары жоспарланып отыр. Егер болжам расталса, бұл Қазақстандағы мұз дәуірі жануарларын зерттеу саласындағы ірі жаңалық болмақ.

• Мамонттар 700 000 жыл бұрын пайда болып, соңғысы 10 000 жыл бұрын жойылып кеткен;
• Салмағы – 5-8 тоннаға дейін;
• 6 рет ауысып тұратын ірі азу тістері болған;
• Қазақстанда бұрын да мамонт сүйектері табылған (Павлодар, СҚО, Қарағанды, ШҚО).

Тэгтер:

Ақмола облысы Мамонт сүйегі Ұлттық музей