17 жастағы Ерсұлтан қосымша табыс табу үшін KazPolymerStroy компаниясының нысанында жұмысшы болып орналасқан. Бұл оның алғашқы жұмыс күні болатын — ол ор қазып жатқан сәтте үстіне бетон тақтай құлаған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Astanovka98 телеграм-арнасының мәліметінше, қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Астанада болған.
Жасөспірімнің анасының айтуынша, ұлының өліміне кран жүргізушісі мен КамАЗ жүргізушісі кінәлі. Сол күні олар да нысанда жұмыс істеп жүрген және есірткі әсерінде болған. Сараптама бұл деректі растаған.
Ерсұлтан астаналық теміржол колледжінде грант негізінде оқып жүрген, Қытайда тәжірибеден өтіп, жүргізуші куәлігін алу үшін ақша жинап жүрген. Отбасы жуырда Қызылордадан Астанаға ұлдарына жақын болу үшін көшіп келген. Алайда көшкеннен кейін бар болғаны бір ай өткен соң қайғылы жағдай орын алды.
Марқұмның туыстары компания қызметкерлері мен басшылығына қатысты полицияға шағым түсірді. Олардың айтуынша, құрылыс алаңында қауіпсіздік ережелері бұзылған және техника тиісті лицензиясыз пайдаланылған.
KazPolymerStroy компаниясы отбасыға көңіл айтты, бірақ өтемақы ұсынбаған. Ерсұлтанның туыстары кінәлілер жазасыз қалуы мүмкін деп қорқады.
Астана қалалық полиция департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 277-бабы — «Құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу» бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Бұл бап бойынша ең жоғарғы жаза — алты жылға дейін бас бостандығынан айыру.
Тергеу жалғасуда.