Банктер ипотека беруді неге тоқтатты?

Бүгін, 11:48 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзден

Қазақстандағы бірнеше банк ипотекалық несиелерге өтінім қабылдауды уақытша тоқтатты. Кейбірі барлық бағдарламаларын жапса, енді бірі тек шектеулі бағыттар бойынша ғана жұмыс істеуде, деп хабарлайды Arasha.kz.

Мұның басты себебі – Ұлттық банктің 10 қазанда базалық мөлшерлемені 18%-ға дейін көтеруі. Бұл шешім банктердің қарыз алу құнын қымбаттатып, олардың табыстылығын төмендетті.

Қай банктер ипотека беруді тоқтатты:

Altyn Bank – екінші нарықтағы ипотека өтінімдерін қабылдамайды, тек жаңа тұрғын үй бойынша серіктестік бағдарламалар жұмыс істейді;

Банк ЦентрКредит – техникалық себептермен барлық ипотекалық бағдарламаларды уақытша жапты, тек «7-20-25» бағдарламасы қолжетімді;

Нұрбанк – жаңа өтінімдерді қабылдау мен несие беруді тоқтатты;

ForteBank – барлық ипотекалық бағдарламалар, соның ішінде кепілмен берілетін несиелер тоқтатылды;

Freedom Bank – екінші нарыққа ипотека тек жалақы жобасындағы және холдинг қызметкерлеріне ғана беріледі;

Halyk Bank – екінші нарықтағы өтінім қабылдауды уақытша тоқтатты.

Экономист Эльдар Шамсутдиновтың айтуынша, базалық мөлшерлеменің өсуі банктердің маржасын азайтты. Яғни, банктер үшін несие беру тиімсіз болды, деп жазды Nur.kz.

Мысалы, банк депозиттерді 14–15% мөлшерлемемен тартып, сол ақшаны Ұлттық банктің құралдарына 17% табыспен орналастырса, тәуекелсіз пайда табады. Ал ипотека беру жағдайында банк шығынға ұшырайды.

Сарапшының пікірінше, банктер белсенді несие беруге тек Ұлттық банк өтімділікті қысқартқанда немесе ставканы төмендеткенде ғана қайта оралады.

Айта кетейік, жақын уақытта ипотека бойынша сыйақының шекті мөлшері 25%-дан 20%-ға дейін төмендейді. Бұл да банктердің ипотекадан түсетін табысын азайтып, несие нарығын бәсеңдетуі мүмкін.
 

Тэгтер:

банк ипотека жоғары пайыз