Мәжіліс «Құқық бұзушылық прафилактикасы туралы» жаңа бірыңғай заң жобасы мен оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Заң жобаларын Ішкі істер министрлігі Мемлекет басшысының халық арасында заңға бағынатын мінез-құлық қалыптастыру жөніндегі тапсырмасын орындау және құқық бұзушылыққа бейім тұлғалармен мақсатты түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін әзірлеген.
Жаңа заңда құқық бұзушылықтың алдын алумен айналысатын органдардың саны 13-тен 26-ға көбейтілді. Қылмыстың алдын алуға құқық қорғау органдары ғана емес, сонымен қатар білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, балаларды қорғау, БАҚ, бизнес өкілдері, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл және басқалары тартылатын болады. Бұл ретте олардың әрқайсысына жеке жауапкершілік жүктеледі.
Сондай-ақ профилактикалық жұмыс қатысушылары арасында нақты үйлестіру жүйесі құрылады. Жергілікті деңгейде субъектілер арасындағы үйлестіруді әкімдік қамтамасыз етеді. Мәслихаттарға қосымша қадағалау функциялары беріледі: олар мемлекеттік органдардың есептерін тыңдап, алдын алуға бөлінген бюджет қаражатының жұмсалуын бақылай алады. Республикалық деңгейде шешуді қажет ететін мәселелер Үкімет жанындағы Ведомствоаралық комиссияның қарауына ұсынылатын болады.
Бұл ретте Ведомствоаралық комиссияның мәртебесi артады. Оның құрамы мен өкiлеттiгiн Мемлекет басшысы тiкелей бекiтедi. Үкімет жыл сайын өз жұмысының қорытындылары туралы Ұлттық баяндама жасап, оны Президентке ұсынатын болады.