9 айдың ішінде кәмелетке толмаған 155 қыз тұрмысқа шыққан

17 қазан, 2025 / Arasha.kz
ашық дереккөзден

Өзбекстанда биылғы жылдың алғашқы тоғыз айында 15-17 жас аралығындағы 155 қыз бала кәмелетке толмай жатып тұрмысқа шыққан. Бұл туралы O’zbekiston 24 телеарнасына берген сұхбатында елдің денсаулық сақтау министрі Асилбек Худаяров мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Министрдің айтуынша, ерте некелермен қатар қоғамда алаң туғызатын тағы бір мәселе – туыстар арасындағы некелердің әлі де жиі кездесуі.

"Қазіргі медициналық зерттеулер көрсеткендей, ерте некелер мен жақын туыстар арасындағы некелер туа біткен аурулар мен мүгедектік қаупін айтарлықтай арттырады", – деді Асилбек Худаяров.

Тағы бір өзекті проблема – әйелдердің бір жыл ішінде екі рет жүкті болуы. Мұндай жағдайларда босанулардың арасындағы қажетті медициналық үзіліс сақталмайды, нәтижесінде ананың денсаулығына зиян келіп, әлсіз балалардың дүниеге келу қаупі жоғарылайды.

Министрдің сөзінше, президент мұндай жағдайлардың алдын алу және дені сау ұрпақтың дүниеге келуін қамтамасыз ету үшін жергілікті деңгейде жұмыс күшейтілуін тапсырған.

Сонымен қатар, халық арасында кең көлемді ағартушылық және түсіндіру жұмыстары жүргізілмек.

"Егер мұндай заңбұзушылықтар қайталанса, олар махалла деңгейінде қаралып, тиісті шаралар қабылданады", – деп атап өтті Асилбек Худаяров.

Тэгтер:

өзбекстан Асилбек Худаяров