Сара Назарбаева Алматыда ем қабылдап жатыр – Үкібай

17 қазан, 2025 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзден

Қазақстанның Тұңғыш Президентінің кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Айдос Үкібайдың хабарлауынша, сәуір айынан бастап Сара Назарбаева Алматы қаласындағы Президент Іс басқармасының медициналық орталығының Ұлттық госпиталінде ем қабылдап жүр, деп хабарлайды Arasha.kz.

«Соңғы уақытта кейбір бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде Сара Алпысқызы Назарбаеваның денсаулығы мен қай жерде екеніне қатысты түрлі болжамдар мен жалған ақпараттар тарауда. Осыған байланысты түсіндіруді қажет деп санаймын: Сара Назарбаева сәуір айынан бері Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының медициналық орталығының Ұлттық госпиталінде ем қабылдап жатыр», – делінген хабарламада.

Айдос Үкібайдың айтуынша, барлық емдеу шаралары белгіленген медициналық стандарттарға сай жүргізіліп, қазақстандық дәрігерлердің бақылауында.

«БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желі қолданушыларын Сары Алпысқызының атын алып, негізсіз ақпарат тарату немесе сенсация жасау үшін пайдаланбауға, сабырлық пен құрмет танытуға шақырамын. Сенімді ақпаратты тек ресми дереккөздерден алуды өтінемін», – деді Үкібай.
 

Тэгтер:

алматы Сара Назарбаева аурухана ем Айдос Үкібай