Президент мемлекеттік қаржыландыруға тәуелді спорт федерацияларын сынға алды

17 қазан, 2025 / Қайсар Қалам
Сурет: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қаржыға ғана арқа сүйейтін спорт федерацияларының басшыларын сынға алды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Мемлекет басшысы құтқарушылардың оқу орындарына қамқорлық жасап, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға үлес қоса алатынын айтты. Бұл ұлт денсаулығы мен рухын қалыптастыруда стратегиялық маңызы бар бағыт екенін атап өтті.

Тоқаевтың сөзінше, бүгінде спорт федерациялары бедел мен ықпал жинайтын құрылымдарға айналған. Олардың көбін ірі кәсіпкерлер мен шенеуніктер басқарады. Бірақ кәсіпкерлер спортты дамытуға өз қаражатын салудың орнына, мемлекеттік қаржыға үміт артады. Ал кейбір шенеуніктер бұл қызметті жеке пиар құралына айналдырған.

«Бұл теріс үрдістерді тоқтату керек. Қалыптасқан жағдайды жан-жақты талдау тапсырмасын Президент әкімшілігіне беремін», – деді Тоқаев.

Президент спорт пен дене шынықтыруды дамыту – азаматтық жауапкершілік пен қоғам алдындағы маңызды миссия екенін атап өтті.

«Федерацияны жеке бедел үшін басқаруға болмайды. Мемлекет бизнесті қолдайды, бірақ кәсіпкерлер де қоғамға пайда әкелуі тиіс. Әсіресе спорттың коммерциялануы, соның ішінде футбол саласында. Спорт министрлігі мен федерациялар арасында тең әріптестік орнауы қажет», – деді ол.

Тоқаев спорт саласына жаңа буын кәсіпкерлер мен меценаттар келіп, нақты нәтиже мен табысқа ұмтылып жатқанын да атап өтті.
 

Тэгтер:

тоқаев қаржы сын спорт федерациялары