Жамбыл облысында түнгі аң аулау кезінде жасөспірім оқтан қаза тапты

17 қазан, 2025 / Қайсар Қалам
Сурет: pexels

Қайғылы оқиға Мойынқұм ауданына қарасты Құшаман ауылында болған. Белгілі болғандай, 2012 жылы туған екі жасөспірім түнде қоян аулауға шыққан, деп хабарлайды Arasha.kz.

Алдын ала мәлімет бойынша, балалардың бірі қоянға оқ атып, артынан қуған. Бірақ жараланған аң қашып кетпек болғанда, екіншісі оны тоқтатпақ болып мылтықтан оқ атқан. Алайда оқ серігіне тиіп, ол қаза тапқан.

Облыстық полиция департаменті бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің 104-бабы («Абайсызда адам өліміне әкеп соқтыру») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.

«Күдікті анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Қазір істі жан-жақты және объективті тергеу үшін қажетті тергеу амалдары жүргізілуде. Сонымен қатар жасөспірімдердің ата-аналарына қатысты — балаларды тәрбиелеу және бақылау міндетін тиісті деңгейде орындамағаны үшін жауапкершілік мәселесі қарастырылып жатыр. Осы салғырттықтың салдарынан балалар түнгі уақытта қараусыз қалып, атыс қаруына қол жеткізген», – делінген полиция мәлімдемесінде.
 

Тэгтер:

бала өлімі қару аңшылық