Астана сотында мүгедек әйел көтергіштен құлап кетті

Бүгін, 10:54 / Қайсар Қалам
Сурет: видеодан скрин

Астананың азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотында мүгедектер арбасындағы әйел көтергіштен құлап кетті, деп хабарлайды Arasha.kz.

Ғимарат кіреберісіне орнатылған көтергіш әйел көтеріліп келе жатқан сәтте бекітпелерінен ажырап, сырғып кеткен.

Оқиға видеосын жариялаған журналист Айнұр Балакешова былай деп жазды:

«Міне, осындай “қисық” пандустар мен көтергіштер Астанадағы сотта орнатылған. Бәрі формалды. Есеп үшін, “жоспар орындалды” деген үшін. Бәрі көзбояушылық».

Зардап шеккен әйел – І топтағы мүгедек Зилейха Сафарова. Бұған дейін ол «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорында жұмыс істеп жүргенде омыртқасын сындырып алған және содан бері сот арқылы өтемақы алуға тырысып келеді.

Оқиға болған күні ол өз ісі бойынша сот отырысына қатысуға келген, бірақ жаңа жарақаттар алған.

«Көтерілу кезінде арқан үзіліп, әйел шамамен 70–80 сантиметр биіктіктен құлап түсті. Сот приставтары дереу жедел жәрдем шақырып, дәрігерлер келгенше алғашқы көмек көрсетті. Оқиға орнына “Капитал Лифт” ЖШС қызмет көрсетуші компанияның өкілдері келді. Алдын ала мәлімет бойынша, оқиғаның себебі – арқанның үзілуі. Дәл мән-жайды анықтау үшін Есіл ауданының тергеушісі қатысқан тексеріс жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
 

Тэгтер:

сот Астана мүгедек әйел