Қостанай облысы Меңдіқара ауданы Михайлов ауылдық округінің әкімі Марина Джафарова әкімдікке тиесілі «Лада» автокөлігін мас күйінде жүргізгені үшін жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Сот әйелді 15 тәулікке қамауға алып, жүргізуші куәлігінен жеті жыл мерзімге айырды.
Halyqstan телеграм арнасының мәліметінше, Джафарованың ісі мемлекеттік қызметшілердің әдеп жөніндегі кеңесінде қаралған.
Алайда оның тәртіптік ісінде тағы бір заңбұзушылық анықталды — әкім мемлекеттік мүлікті заңсыз пайдаланған.
Ол косметикалық қызмет көрсетумен айналысатын кәсіпкер әйелмен нысанды өтеусіз жалға алу туралы шарт жасасуға рұқсат берген.
Әкім бұл келісімді ақтау мақсатында жергілікті қауымдастық жиналысының хаттамасын (тұрғындар кабинет ашуға дауыс берген) ұсынғанымен, кабинетті тегін беру фактісі оның беделіне нұқсан келтірді.
Сонымен қатар, жасалған шарт мемлекеттік мүлік тізілімінде тіркелмегені және жалға алушы электронды өтінім бермегені анықталды.
Жалға алушы коммуналдық төлемдер мен күзет қызметін де төлемеген – бұл шығынның барлығы жергілікті әкімдік аппаратының мойнына түскен.
Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері Қостанай облысы Меңдіқара ауданының әкіміне Марина Джафарованы мемлекеттік қызмет беделіне нұқсан келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін қызметінен босатуды ұсынды.