«Телемедицинаға интернетсіз қалай қосыламыз?» – Мәжілісте жаңа заң жобасы таныстырылды

Бүгін, 11:49 / Arasha.kz
primeminister.kz

Сейсенбі күні Мәжілісте денсаулық сақтау мәселелеріне арналған заң жобасының таныстырылымы өтті. Онда медицина саласын цифрландыру, жасанды интеллектіні пайдалану және трансляциялық медицинаны дамыту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Жиын барысында депутат Наталья Дементьева Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевке сұрақ қойып, телемедицина қызметіне –  яғни онлайн түрде көрсетілетін медициналық көмекке – әлі интернеті жоқ ауылдар қалай қосылатынын және қаржыландыру мәселесі қалай шешілетінін сұрады.

Депутат сауалына жауап берген вице-министр медициналық мекемелерді интернет және қажетті компьютер жабдықтарымен қамтамасыз ету жұмыстары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізген кезден бастап жүргізіліп келе жатқанын атап өтті.

«Телемедициналық комплекстер ең алдымен аудандық ауруханалардың базасында орнатылып жатыр. Сонымен қатар шалғай елді мекендердегі дәрігерлік амбулаторияларда да іске қосылған. Негізгі мақсаты – дәрігер мен дәрігерді, дәрігер мен пациентті байланыстырып, қашықтан консультация жүргізу. Қазірдің өзінде бірнеше облыстарда жақсы нәтижелер байқалып отыр. Әсіресе Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Ақмола облыстарында бұл технологиялар тиімді енгізілуде», – деді Сұлтанғазиев.

Оның айтуынша, телемедициналық және басқа да дистанциялық медициналық қызметтерді дамыту үшін екі жыл бұрын арнайы тариф бекітіліп, олар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы қаржыландырылады.

Ведомство дерегінше, бүгінде ауылдық жерлердегі медициналық ұйымдардың интернетпен қамтылу деңгейі 91 пайыз шамасында.

Тэгтер:

Тимур Сұлтанғазиев