"Әділетсіз айып тақты": Белгілі продюсер полицейлердің әрекетіне наразылық білдірді

22 қазан, 2025 / Ахмет Қанатұлы
ашық дереккөзден

Белгілі продюсер Айсәуле Әбілда түсірілім тобына негізсіз айып таққан полиция қызметкерлерінің әрекетіне шағымданды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Айсәуле Әбілда мен оның жұбайы, режиссер Мұрат Есжан бұған дейін «Абай жолы», «Ахмет. Ұлт ұстазы» және «Міржақып. Оян, қазақ» сияқты тарихи телехикаяларды түсіріп, көрермен сүйіспеншілігіне ие болған шығармашылық тандем. Қазір олар «Қара алтын» көркем фильмін түсіріп жатыр. Алайда түсірілім кезінде күтпеген жағдай орын алған.

Продюсердің айтуынша, 5 қазан күні Алматыда өткен түсірілім кезінде полиция қызметкерлері кино процесін тоқтатып, фильм реквизиті ретінде пайдаланылған ескі мемлекеттік нөмірлері бар көліктерге хаттама толтырған.

«Біз 2004 жылды бейнелейтін көрініс түсіріп жатқан едік. Сол кезеңге сәйкес көліктерге сол кездегі нөмірлерді таққанбыз. Бірақ полиция қызметкерлері көліктерді тоқтатып, рұқсат қағаздарымыз бола тұра жүргізушілерді бір тәулікке қамауға алып, тіпті бір жылға көлік жүргізу құқығынан айырды», – деді Айсәуле Әбілда.

Оның айтуынша, полицейлер Әкімшілік кодекстің 590-бабы 4-тармағын («жалған мемлекеттік нөмір тағу») басшылыққа алған. Алайда түсірілім тобының ешқандай заң бұзушылық жасау ниеті болмаған – нөмірлер тек реквизит ретінде қолданылған.

«Біздің жалғыз мақсатымыз – кино түсіру. 60 адам күн-түн демей еңбектеніп жүрміз. Бұл түсірілім туралы тиісті органдарға алдын ала хабарлағанбыз. Бірақ соған қарамастан, полиция хаттама толтырып, жүргізушілерді қамауға алды. Ал сот менің қатысуымдысыз онлайн түрде өткізіп жіберді», – деп жазды продюсер әлеуметтік желіде.

Оқиға салдарынан үш жүргізуші жұмыссыз қалып, олар түсірілім тобынан 6 миллион теңге көлемінде өтемақы талап етіп отыр.

Айсәуле Әбілда бұл жағдайды полицияның кәсіби әрекетсіздігімен және әділетсіз шешімдерімен байланыстырды:

«Біздің полиция халықты қорғаудан гөрі, қорқытуға бейім сияқты. Қаншама адам көлік ұрлығы мен алаяқтықтан зардап шегіп жатқанда, олар кино түсіріп жүргендерді ұстап мәз. Бізге әділет пен кәсібилік жетіспейді», – деп түйіндеді продюсер.

Тэгтер:

Айсәуле Әбілда