Трамп Путинмен кездесуін тоқтатып, Ресейге қарсы жаңа санкциялар жариялады

Бүгін, 08:40 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзден

Дональд Трамп Вашингтонда НАТО Бас хатшысы Марк Рюттемен кездесті. Келіссөз барысында Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен Будапештте өтуі тиіс болған кездесуін тоқтатқанын хабарлады, деп хабарлайды Arasha.kz.

АҚШ президентінің айтуынша, бұл шешімнің себебі — кездесудің нәтижесіз болады деген сенімсіздік:

«Маған қажетті нәтижеге қол жеткізе алмайтынымыз анық болды. Владимирмен әр сөйлескеннен кейін жақсы әсер қалса да, сөзден іске көшпейміз», — деді Трамп.

Ол мұндай кездесудің болашақта өтуі мүмкін екенін де жоққа шығарған жоқ.

Осы уақытта АҚШ Қаржы министрлігі Ресейдің мұнай компаниялары — «Роснефть», «Лукойл» және олардың еншілес құрылымдарына қарсы жаңа санкциялар енгізілгенін мәлімдеді. Ведомство бұл шешімді «Ресейдің бейбіт үдерісіне шынайы қызығушылық танытпауы» деп түсіндірді.

Марк Рюттемен кездесу кезінде Трамптың негізгі мәлімдемелері:

▪️ Трамптың пікірінше, Ресей Украина аумағының барлығын бақылауға алуға ұмтылып отыр.

▪️ Вашингтон НАТО елдеріне қару сатады, бірақ Украинаға сатпайды.

▪️ Трамптың айтуынша, Украина Ресейдің ішкі аумағына тек еуропалық зымырандармен соққы жасап отыр.

▪️ АҚШ президенті қақтығысушы тараптарды «майдан шебін бекітіп, соғыс қимылдарын тоқтатуға» шақырды.

▪️ Трамп Ресейге қарсы жаңа санкциялар «ұзақ уақыт күшінде болмайды» деген үміт білдірді.

▪️ Қытай басшысы Си Цзиньпин бұл қақтығысты реттеуде маңызды рөл атқара алады деп есептейді.
 

Тэгтер:

ресей украина Трамп санкция