Лондонда Ресей барлау қызметінің «делдалдары» деген күдікпен үш адам ұсталды

23 қазан, 2025 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзден

Лондон полициясы Ресейдің сыртқы барлау органдарына көмектесті деген күдікпен үш ер адамды қамауға алғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Олардың есімдері жария етілмеді. Белгілі болғаны — күдіктілердің жасы 48, 45 және 44 жаста, олар Лондонның батыс және орталық аудандарында ұсталған. Қазіргі уақытта сол мекенжайларда және тағы бір жерде тінту жұмыстары жүріп жатыр.

Барлығы Ұлттық қауіпсіздік туралы 2023 жылғы заңның 3-бөлімін бұзды деген күдікке ілінген. Тергеуді терроризмге қарсы күрес басқармасы жүргізіп жатыр.

«Біз шетелдік арнайы қызметтер жалдаған, яғни „делдал“ ретінде әрекет ететін адамдар санының артқанын және осындай тұтқындаулардың жиілегенін байқаймыз», — деді Лондон полициясының терроризмге қарсы бөлімінің бастығы Доминик Мерфи.

Ол шетел мемлекетінің мүддесі үшін «қылмыстық әрекет» жасау туралы ұсыныстар алған адамдарды мұқият ойлануға шақырып, «егер кінәлі деп танылса, оның салдары өте ауыр болуы мүмкін» деп ескертті.
 

Тэгтер:

ресей полиция Лондон тыңшы