Өзбекстан метросында жолаушыларға тиіскен қазақстандық блогерге іс қозғалды

23 қазан, 2025 / Қайсар Қалам
Сурет: Алматы ПД

Алматы қалалық полиция департаменті Өзбекстандағы метро ішінде орын алған оқиғаға байланысты қазақстандық блогерге қатысты іс қозғады, деп хабарлайды Arasha.kz.

«Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерде қоғамдық орында әдепсіз мінез-құлық көрсеткен бейнежазбаны жариялаған қазақстандық блогерге қатысты тексеріс жүргізді. Тергеу барысында азаматша А.-ның Өзбекстан метросында жолаушыларға әдейі тиіскені, бұл әрекетті видеоға түсіріп, өз парақшаларында жариялағаны анықталды. Осы факті бойынша ұсақ бұзақылық бабымен әкімшілік іс қозғалды», — делінген бейсенбі күні таратылған хабарламада.

Іс материалдары шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді.

«Бұған дейін де аталған азаматша осындай әрекетке жол берген, сол кезде оған профилактикалық әңгіме жүргізілген болатын. Алайда, көріп отырғанымыздай, ол тиісті қорытынды шығармаған. Мұндай әрекеттер қоғамдық моральға құрметсіздік танытып, тәртіп нормаларын бұзу болып саналады. Полиция қоғамдық орындарда әдепсіз, арандатушылық немесе адам абыройын қорлайтын кез келген мінез-құлыққа жол берілмейтінін және ол заң бойынша жауапкершілікке әкелетінін еске салады», — деп атап өтті құқық қорғау органдары.
 

Тэгтер:

полиция өзбекстан блогер метро