ҚазҰУ – ұлттық білім мен ғылымның көшбасшысы

16 қазан, 2025 / Қайсар Қалам
Сурет: ҚазҰУ

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – еліміздің жоғары білім беру жүйесіндегі ең ірі және беделді оқу ордаларының бірі. Университет ұлы ойшыл әл-Фарабидің есімін иеленіп, оның даналық мұрасын қазіргі замандағы білім мен ғылымның алтын арқауына айналдырып отыр. 

90 жылдан астам тарихында ҚазҰУ еліміздің зияткерлік және ғылыми әлеуетін қалыптастырған, ұлттық білімнің брендіне айналған оқу орнына айналды. Университет қабырғасынан шыққан түлектер Қазақстанның ғана емес, әлемнің түрлі елдерінде ғылым, мемлекеттік басқару, халықаралық қатынастар және бизнес саласында табысты еңбек етіп келеді. ҚазҰУ бүгінде халықаралық деңгейдегі заманауи университет мәртебесіне ие. Мұнда бакалавриат, магистратура және PhD докторантура деңгейлерінде 200-ден астам білім беру бағдарламасы жүзеге асырылады. Оқу процесі QS World University Rankings, Times Higher Education, UI GreenMetric секілді беделді әлемдік рейтингтердің талаптарына сай ұйымдастырылған.Университет ғылыми-зерттеу бағытындағы инновациялық жобаларға, жас ғалымдар мен студенттердің стартап бастамаларына қолдау көрсетіп, Digital KazNU, Smart Campus сияқты цифрлық платформаларды табысты енгізді. Бұл жүйелер білім беру сапасын арттырып қана қоймай, оқу орнын толық цифрландыру жолына шығарды.

ҚазҰУ студенттері оқу барысында халықаралық тәжірибе жинақтау мүмкіндігіне ие. Университет әлемнің 500-ден астам жетекші жоғары оқу орнымен академиялық әріптестік орнатқан. Бұл университеттің әлемдік білім беру кеңістігінде жоғары беделге ие екенін көрсетеді. Кампус аумағында студенттерге арналған жаңа зертханалар, коворкинг-орталықтар, шығармашылық студиялар мен спорт кешендері бар. Университеттің Smart Campus тұжырымдамасы-оқу, ғылым және мәдениетті бір арнаға тоғыстырған бірегей білім ортасы. 

ҚазҰУ БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) іске асыруда Қазақстандағы үлгі орталықтардың бірі. Университет ТДМ-ның барлық 17 бағыты бойынша жобалар жүргізіп, жастардың экологиялық, әлеуметтік және құқықтық мәдениетін қалыптастыруға үлес қосып келеді. ҚазҰУ-тек білім ордасы емес, ұлттық рух пен мәдениеттің алтын бесігі. Мұнда ғылым мен жаңашылдық, дәстүр мен заманауилық үйлесім тапқан. Университеттің басты миссиясы-жаһандық ойлайтын, ұлттық құндылықтарға адал, бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеу. Бүгінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті - Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азияның білім мен ғылым кеңістігінде өз орны бар, халықаралық деңгейде мойындалған жетекші университет.

ҚазҰУ қалашығы — студенттердің өмір сүруі мен білім алуына қажетті барлық жағдайлармен жабдықталған. Қалашық аумағында студенттер үйі, кітапхана, спорт кешені, мәдени орталық, асхана, дүкендер және басқа да тұрмыстық қызмет көрсету нысандары бар. Бұл жағдайлар студенттердің жайлы өмір сүруіне және өз уақытын тиімді ұйымдастыруына көмектеседі. Қара шаңырақтағы студенттік өмір бұл тек білім алу ғана емес, сонымен қатар жеке тұлға ретінде қалыптасу, жаңа достар табу, қоғамдық өмірге белсене араласу және жаңа дағдыларды меңгеру кезеңі. Университет студенттеріне әртүрлі мүмкіндіктер ұсынып, олардың өмірге деген көзқарасын кеңейтуге, рухани және мәдени тұрғыдан дамуға көмектеседі. ҚазҰУ-дың бай студенттік өмірі әрбір студентке өз потенциалын толықтай ашуға мүмкіндік береді және оны болашақтағы жетістіктеріне сенімді қадам жасатады.

Сулейменова С.Ж
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті  азаматтық құқық,

азаматтық іс жүргізу және еңбек құқығы кафедрасының оқытушысы,

заң ғылымдарының докторы, профессор