Өскеменді қалың түтін басты

24 қазан, 2025 / Қайсар Қалам
Сурет: видеодан скрин

Өскеменде бірнеше күннен бері қалың түтін басып тұр — қала сұр тұманға тұншыққандай. Тұрғындар ауаның ауыр екенін, күйік иісі сезілетінін, тыныс алу қиындап бара жатқанын айтуда, деп хабарлайды Arasha.kz.

Мектеп оқушыларының ата-аналары жаппай сабақтарды онлайн форматқа ауыстыруды талап еткен. Бастапқыда билік мұндай жағдай ережеде қарастырылмағанын айтып, қарсы болған еді. Алайда шағымдар көбейген соң, 24 қазан күні білім басқармасы балаларға үйде қалып, қашықтан оқуына рұқсат берді.

Осы уақытта экологтар тұрғындар жиі көрсететін кәсіпорындарды тексерді. «Қазцинкта» және теміржол өткелі маңында бұзушылықтар анықталмаған. Ал жылу электр орталығында (ЖЭО) күкіртсутегінің мөлшері нормадан үш есе жоғары екені белгілі болды.

Мамандардың айтуынша, жағдайды ауа райы да қиындатып отыр. Жоғары ылғалдылық, жауын-шашын және түнгі температура ауытқуы зиянды қалдықтардың тарауына кедергі келтіріп, қаланың үстінде қалың смогтың тұрып қалуына себеп болған.
 

Тэгтер:

Өскемен зауыт түтін зиянды