Атырауда әлеуметтік орталықта ДЦП диагнозы бар балаларды ұрып, қорлаған

24 қазан, 2025 / Қайсар Қалам
Сурет: видеодан скрин

Атырау облысында әлеуметтік орталық қызметкерлері ерекше қажеттіліктері бар балаларға қорлық көрсеткен, деп хабарлайды Arasha.kz.

Әлеуметтік желілерде тараған видеода қызметкерлер ДЦП диагнозы бар балалардың қозғалыстарын мазақтап, оларға күліп, қол жұмсағаны анық көрінеді. Бір қызметкер баланы ұрып жатқанда, басқалары оның қасынан күліп қарап, баланың әрекетіне қарайды. Бұл жағдайға қатысты интернет қолданушылар қатты ашуланды.

«Бұл — адамдыққа жат әрекет. Біз осы мекемелерге ең қымбатымызды — балаларымызды сенеміз. Оның ішінде ерекше күтімді қажет ететін балаларды. Жедел тексеріс, кінәлілерді жазалау және қоғам алдында есеп беруді талап етеміз», — деді атыраулық белсенді Рүстем Баязиев.

Қоғам белсендісі мұндай әрекет жай ғана тәртіп бұзу емес, баланың және оның отбасының абыройын аяққа таптау екенін атап өтті.

Атырау облысының білім басқармасы әзірге оқиғаға қатысты пікір білдірген жоқ. Ал қоғамның ашу-ызасы күшейіп келеді.

Көктемде балабақшалар мен арнайы мекемелерде тәрбиешілердің балаларға қатігездік таныту деректері бірнеше есе көп болған еді.
 

Тэгтер:

атырау әлеуметтік орталық баланы ұру ДЦП