Кейбір мемлекеттердің компанияға және оның еншілес кәсіпорындарына шектеу шараларын енгізуіне байланысты, компания өз халықаралық активтерін сатуға ниет білдіріп отыр, деп хабарлайды «Лукойл» баспасөз қызметі.
Компания активтерді АҚШ Қаржы министрлігінің шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) берген лицензияға сәйкес сататын болады.
Қажет болған жағдайда компания шетелдік активтердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін лицензияны ұзартуға өтініш беруді жоспарлап отыр, – деп нақтылады «Лукойл».
Активтерді сатып алу үшін өтініштерді қарау процесі басталған.
АҚШ 22 қазанда «Лукойл» мен «Роснефтьке» қарсы санкция енгізді. Елдегі компаниялардың активтері бұғатталды, оларға жаңа келісімшарттар жасауға тыйым салынды. Компанияларға қызметін тоқтату үшін бір ай уақыт берілді.
Бір апта бұрын Ұлыбритания да осындай санкциялар енгізген еді.
«Лукойл» сайтындағы мәліметке сәйкес, компанияның Орталық Азия, Таяу Шығыс, Африка елдері мен Мексикада шетелдік жобалары бар.