Қазақстан әлі де құс еті, шұжық өнімдері және қант бойынша импортқа тәуелді болып отыр. Сондай-ақ ірімшік пен йогурт импортына да белгілі бір тәуелділік сақталуда. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев «Түйін» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.
«29 позицияның бесеуі бойынша біз әзірге импортқа тәуелдіміз. Бұл – құс еті. Қазір өзімізді шамамен 70%-ға қамтамасыз етіп отырмыз. Ет өнімдері, атап айтқанда шұжық өндірісі бойынша өсімге әлеует бар. Ең төменгі көрсеткіш қант бойынша тіркелген – оның отандық өндірісі шамамен 33%-ды құрайды. Ірімшік пен йогуртқа да белгілі бір деңгейде тәуелділік сақталып отыр», – деді министр елдегі сауда нарығының бәсекеге қабілеттілігі туралы сұраққа жауап бере отырып.
Министрліктің алдында алдағы екі жыл ішінде азық-түлік қауіпсіздігінің негізін құрайтын бағыттар бойынша елді толық қамтамасыз ету міндеті тұр.
«Біз базалық тауарлар туралы айтып отырмыз. Бұл – азық-түлік қауіпсіздігі деңгейін көрсететін шамамен 29 позиция. Оның ішінде 19-ы әлеуметтік маңызы бар тауарлар. Бұл өнімдер бойынша тапшылық болмауы тиіс. Үкімет тәуекелдерді төмендету үшін жедел шаралар қабылдап жатыр. Мысалы, бүгінде 3000-нан астам жәрмеңке өткізілді, жыл соңына дейін тағы шамамен 1700 жәрмеңке ұйымдастыру жоспарлануда. Сондай-ақ тікелей жеткізілімдер жүзеге асырылуда. Нарықта әрдайым тауар түрінің көп болуы, бәсекелестік пен өндіріс көлемінің артуы маңызды. Біз жұмыртқа, ұн, өсімдік майы және басқа да өнім өндірушілерімен меморандумдар жасасып жатырмыз», – деді Арман Шаққалиев.