Лондондағы Christie’s аукционында француз суретшісі Ив Клейннің монохромды картинасы 21,4 млн долларға сатылды, деп хабарлайды Arasha.kz.
1961 жылы жасалған «Калифорния» атты бұл туынды алғаш рет саудаға шығарылып, бірден әлемнің түкпір-түкпіріндегі коллекционерлердің назарын өзіне аударды.
Полотноның өзі шамамен екі метрге төрт метр көлеміндегі бір түсті көк төртбұрыштан тұрады. Ол суретшінің патенттелген International Klein Blue деп аталатын фирмалық ультрамарин пигментімен боялған. Бұл түс суретшінің көркемдік тілі мен «таза түс» философиясының символына айналған.
Клейннің сөзінше, оның ешбір монохромды картинасы бір-біріне ұқсамайды, себебі әрқайсысы «өзінің айрықша мәні мен атмосферасына» ие.
Christie’s өкілдері «Калифорния» суретшінің маңызды еңбектерінің бірі екенін атап өтіп, оның Клейн шығармашылығындағы материалдық формадан шексіздік идеясын танытуға ауысу кезеңін көрсететінін хабарлады.
Сатып алушының аты құпия сақталып отыр.