Жол – экономиканың күретамыры

303

Кез келген ел экономикасының күретамыры жол екені дәлелдеуді қажет етпейтін анықтама. Жол құрылысы, жолдардың күрделі жөндеуден өтуі әсіресе, Қазақстан секілді мұхитқа шыға алмайтын елдер үшін өте маңызды. Осы маңыздылықта мемлекет жақсы түсінеді әрі әркез жол құрылысына жіті көңіл бөліп келеді. Сол үшін де «Нұрлы жол» арнайы бағдарламасы қабылданғаны мәлім. Жол мәселесі президенттің назарынан тыс қалмайтын мәселенің бірі. Мысалы, Елбасы жолдауында жол сапасын арттыру, автокөлік жолдарын жөндеуден өткізіп, жол құрылысы саласын қаржыландыруды ұлғайту тапсырылған. Соның нәтижесінде былтыры республикалық маңызы бар 603 шақырым автокөлік жолы пайдалануға беріліп, 4,4 мың шақырым автожол қайта жөндеуден өткен. Жол салу мол қаражатты талап етумен қатар, жұмыс күшінде көп қажет ететін дүние. Былтыры жол салуға, жөндеуге 75 мың адам жұмылдырылып, отандық жол құрылыс материалдарын пайдалану межесі – 93 пайызға жеткен.

Жол құрылысын жүргізу тоқтаусыз жалғасып келеді. Әсіресе, жаз маусымында қарқынмен жүреді. Мәселен, 31-мамыр күні Алматы қаласын айналып, Алматы облысының аумағымен өтетін үлкен айналма жол құрылысы (БАКАД) басталды. Ерекеше маңызды бұл жол құрылысы жобасына үлкен мәні беріліп отырғаны жасырын емес. Өйткені Алматы қаласына транзиттік көліктердің кіріп шығуы өте үлкен проблема. Бұл көптеген жылдардан бері шешімін таппай келе жатқан мәселе. Алматы қаласының өзіне айналма жолдар салынғанымен де транзиттік көліктердің жүрісін баялаулатпай, кедергісіз жүруге ол жолдар жеткіліксіз еді. Сондықтан да қалаға іргелес Алматы облысының территориясынан үлкен айналма жол салу мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Сол істің сәті 31-мамырда келді. Шараға қатысқан вице-прьемер Асқар Мамин бұл жол құрылысы Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асатын өте ірі жоба екеніне тоқтала келіп: «Бұл ірі жоба Қазақстан экономикасы үшін өте маңызды. Әрі бұл инфрақұрылымға үлкен серпін беретін жол құрылысы мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі механизмі шеңберінде жасалғалы отыр. Құрылысқа ірі шетел компаниялары қатысып отыр», – деді.

Еліміздің оңтүстік және батыс аумағын басып өтетін үлкен жолдың ең ірі тұсы – үлкен айналма жол (БАКАД) құрылысына 180 миллиард теңге жұмсалады. Жоспар бойынша төрт жылда пайдалануға берілмек. Құрылысы 2018-2022 жылдарға жоспарланған бұл ірі жобаға түрік және кәріс компаниялары бірлесе жұмыс істеуге кірісіп кетті.