Сенаттың дәлізінде Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары, жемқорлық үшін сотталған Бақытгүл Хаменованың тойда қонақ ретінде жүрген видеосына түсініктеме берді, деп хабарлайды Arasha.kz.
«Хаменова ханымға қатысты айтар болсам, иә, оған 3 жылға жазаны өтеуді кейінге қалдыру қолданылған. Мұндай кейінге қалдыру іс-шараларға қатысуға тыйым салмайды. Оның үстіне ол пробация қызметінен рұқсат алған», – деді Қойгелдиев.
Ол сондай-ақ жалпы кейінге қалдыру тәртібіне енгізілген өзгерістерге тоқталды.
«16 шілдеден бастап Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізілді. Бұған дейін бұл мәселені сот өз қалауы бойынша шешетін. Енді сот мұндай жағдайда кейінге қалдыруды міндетті түрде қолдануы тиіс. Бірақ кейінге қалдыру ауыр және аса ауыр қылмыстарға қатысты қолданылмайды – терроризм, экстремизм, ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысу, кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық әрекеттер секілді істерге ол жүрмейді», – деп түсіндірді Бас прокурордың орынбасары.
Еске сала кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде 2022 жылы 7 жылға бас бостандығынан айырылған бұрынғы вице-әкім Бақытгүл Хаменованың тойда жүрген видеосы тараған еді.
Облыстық сот пен ІІМ ҚАЖК бұл жағдайға түсініктеме беріп, Хаменоваға 3 жылға жазаны өтеуді кейінге қалдыру берілгенін мәлімдеді. Бұл шешім оның кәмелетке толмаған баласы бар екендігіне байланысты, Қылмыстық кодекстің 74-бабының 1-бөлігі негізінде қабылданған.
Бақытгүл Хаменова мен мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Ақылбек Рысқалиев 4,5 млн теңге көлемінде пара алу ісі бойынша сотталған. Олар бұл ақшаны Абай ескерткішін орнатуға арналған келісімшартты бекіту үшін алған. Ал «Балқыту» ЖШС директоры Өміртай Адамов пара беру айыбымен жауапқа тартылған.