Үйымдасқан қылмыс. «Азаматтарға арналған үкіметтің» бұрынғы қызметкері Мәскеуден жеткізілді

31 қазан, 2025 / Қайсар Қалам
Сурет: Прокуратура

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бұрынғы қызметкері ұйымдасқан қылмыстық топ (ҰҚТ) ісі бойынша Қазақстанға экстрадталды, деп хабарлайды Бас прокуратураның баспасөз қызметі.

«Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Ресей Федерациясынан Жетісу облысында шетелден әкелінген жүк көліктерін заңсыз тіркеуді ұйымдастырған қылмыстық топтың мүшесін экстрадтады. 
Күдікті 2022-2023 жылдары «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкері болып, ҰҚТ құрамында көлік иелерін іздестірумен айналысып, олардың автокөліктерін алғашқы тіркеу төлемдері туралы жалған мәліметтерді ақпараттық жүйеге енгізу арқылы заңсыз тіркеген», – делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, «қылмыстық әрекеттер нәтижесінде заңсыз түрде 481 көлік тіркеліп, мемлекетке Т3,7 млрд көлемінде бюджеттік міндетті төлемдердің түспеуінен аса ірі көлемде шығын келтірілген».

«Қылмыстар орын алған соң күдікті жасырынған және халықаралық іздеу жарияланған. Биыл наурыз айында Мәскеу облысында ұсталып, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының сұранысы бойынша отанына экстрадталды. Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды. Қылмыстық кодексте аталған қылмыс үшін бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлікті тәркілеу түріндегі жаза қарастырылған. Бас прокуратура шетелде жасырынған тұлғаларды іздеу және жауапқа тарту бойынша жүйелі жұмысын жалғастыруда», – делінген хабарламада.