Қазақстанның халық әртісі, әйгілі әнші Роза Рымбаева көп жылдар бойы бірге ғұмыр кешкен өмірлік серігі, талантты музыкант Тасқын Оқапов туралы жүрекжарды сөз айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Өнер иесі жұбайының шығармашылығына, өз өмірі мен өнер жолына қосқан үлесін ерекше ілтипатпен еске алды.
"Күйеуімді сағынамын. Жалғыздық деген тек қана өмірде емес, өнерде де бар. Әрине, менің өнеріме ғашық адамдар бар. Бірақ мен оның бәрін Тасқынмен салыстырамын. Оның деңгейіне жеткен адамды кездестірмедім. Тіпті сондай адамды іздемедім. Екі балама өзім әкемін, өзім шешемін. Қазір немерем бар. Осы деңгейіме жетуіме, бар махаббатын, бар білімін арнаған – Тасқын. Тасқынмен кездеспегенде, мен бүгінде саханада жүрер ме едім?! Оны енді жасың өскен сайын түсіне бересің, түсіне бересің, түсіне бересің...", – деді Роза Рымбаева.
Дереккөздің жазуынша, Тасқын Оқапов – қазақ музыкасына айрықша із қалдырған өнер адамы. Ол 1999 жылы, кенже ұлы дүниеге келерден бірнеше ай бұрын өмірден өткен.
Ерлі-зайыптылардың екі ұлы бар – Әли және Мәди. Әли Оқапов бүгінде әнші, биші әрі продюсер ретінде танымал, ал Мәди Рымбаев музыка саласында өз жолын қалыптастырып келеді.
2023 жылы отбасына үлкен қуаныш сыйланып, Роза Рымбаеваның алғашқы немересі – Зейін дүниеге келді. Сәбидің ата-анасы – Әли Оқапов пен жары Ақерке Бүркітбай.