Мексикада есірткі картельдерімен күрескен мэрді өлтіріп кетті

2 қараша, 2025 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзден

Уруапан қаласының басшысы, 40 жастағы Карлос Мансо, Өлілер күні мерекесі кезінде оққа ұшты, деп хабарлайды Arasha.kz.

Ол орталық алаңда сөз сөйлеп тұрған сәтте атыс басталып кеткен. Саясаткер ауруханаға жеткізілгенімен, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.

Мансо есірткі картельдеріне ашық қарсы шыққан және билікті мафияға тым жұмсақ қарайды деп жиі сынаған. Ол бірнеше рет федералды үкіметтен қауіпсіздік шараларын күшейтуді сұраған және өлімінен бір ай бұрын өміріне қауіп төніп тұрғанын ашық айтқан еді.

Қазір екі күдікті ұсталып, тағы бірі атыс кезінде өлтірілген. Оқиғаны Мичоакан штатының құқық қорғау органдары тергеп жатыр.

Айта кетсек, биыл мамыр айында Мексикада Тексистепек қаласының мэрі қызметіне үміткер мен тағы үш адам тікелей эфирде өтіп жатқан сайлау алдындағы шеру кезінде атылған болатын.
 

Тэгтер:

қаза Мексика мэр