«Таза Өскемен» КМК-ның бұрынғы басшылығы 120 млн теңгені жымқырды деген күдікке ілінді

Бүгін, 10:48 / Қайсар Қалам
Сурет: ЖИ

Қаржылық мониторинг агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті «Таза Өскемен» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының бұрынғы басшылығына қатысты бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқандарын мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Күдіктілер қатарында кәсіпорынның экс-директоры, оның орынбасары және жеке кәсіпкер бар. Тергеу мәліметінше, олар 2022–2023 жылдары өз қызметтік өкілеттіктерін пайдаланып, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізбестен, бюджет қаржысын өздерімен байланысты коммерциялық компаниялардың есеп шоттарына заңсыз аударып отырған.

Қылмыстық схема материал жеткізу және техника жалдау бойынша жалған құжаттар жасау арқылы жүзеге асқан. Құжаттарда жол жөндеуге арналған битум мен құм сатып алу, суды сору техникасын жалға алу және бұрын орнатылған 23 аялдама павильонына материал алу жөнінде жалған деректер көрсетілген.

Аударылған қаражат жеке кәсіпкер арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, қатысушылар арасында бөлініп отырған. Тергеу болжамынша, мемлекетке келтірілген залалдың жалпы сомасы 120 миллион теңгеден асқан.

Қылмыстық жолмен алынған табысқа күдіктілер Өскемендегі элиталық тұрғын үй кешенінен пәтер, BMW X6M және Subaru Forester автокөліктерін, сондай-ақ бірнеше жер телімін сатып алған. Бұл мүлікке соттың санкциясымен тыйым салынды.

Кәсіпорынның бұрынғы директоры екі ай мерзімге қамауға алынды. Тергеу амалдары жалғасуда.
 

Тэгтер:

Өскемен тергеу ақша жымқыру ҚМА Таза Өскемен