Reuters агенттігінің мәліметінше, АҚШ-тың Ресейге қарсы енгізген жаңа санкциялары Түркияның мұнай нарығына айтарлықтай ықпал етіп отыр. Елдің ірі мұнай өңдеу зауыттары – SOCAR STAR және Tupras – енді шикізатты басқа мемлекеттерден сатып алуға көшуде.
Нақтырақ айтқанда, Түркия Ирак, Қазақстан және Бразилиядан мұнай импортын арттырып жатыр. Мұндай қадамның басты себебі – еуропалық нарыққа экспорт кезінде санкциялық тәуекелдерден сақтану.
SOCAR STAR желтоқсан айына арналған төрт партия ресейлік емес мұнайды сатып алғаны хабарланды. Ал Tupras компаниясы өз зауыттарының бірінде Ресей мұнайынан толық бас тартуды жоспарлап отыр.
Сарапшылардың айтуынша, бұл өзгеріс Түркияның энергетикалық саясатына елеулі әсер етеді. Өйткені өткен жылы түрік мұнай импортының 57 пайызы Ресейге тиесілі болса, биыл бұл көрсеткіш 47 пайызға дейін төмендеген.
Мамандар мұны экономикалық прагматизмнің және геосаяси қысымның үйлесімі деп бағалайды. Түркия Ресеймен энергетикалық байланысты сақтай отырып, Батыс санкцияларына ілікпеу үшін балама бағыттарды іздеуде.