Судьяларға Ақорданың билігі жүрмейді, олар заң мен тәртіптен биік...

Бүгін, 17:00 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзден

Қазақстандықтар Астанадағы азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соттың судьясы Әсел Досаеваның мас күйінде көлік жүргізген оқиғасынан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүгініп, елдегі сот жүйесінің жағдайына алаңдаушылық білдіріп, оны реформалауды талап етті, деп хабарлайды Arasha.kz.

Президентке жолданған үндеу

«Біз, Қазақстан Республикасының азаматтары, елдегі сот жүйесінің қазіргі жағдайына, әсіресе судьялардың іс жүзіндегі тиіспеушілік тәжірибесіне қатты алаңдаймыз. Судьяларға берілген ерекше кепілдіктер іс жүзінде сот тәуелсіздігін қорғаудың құралы емес, жауапсыздық пен шексіз еркіндік механизміне айналды. Көптеген азаматтар судьялардың әдейі әділетсіз, сыбайлас жемқорлыққа негізделген шешімдер қабылдап, адамдардың тағдырымен ойнағанына және жазаланбай қалғанына куә. Мұндай жағдай қоғамның сот билігіне деген сенімін бұзып, Конституция талаптарына қайшы келеді.
Біз судьялардың қазіргі тиіспеушілік мәртебесі әділдік, теңдік және жауапкершілік қағидаттарына қайшы деп есептейміз. Судьяның тәуелсіздігі жазасыздықты білдірмеуі тиіс», — делінген президентке жолданған ұжымдық үндеуде.

Үндеу авторлары «Судьялардың мәртебесі мен сот жүйесі туралы» заңға өзгерістер енгізуді талап етті. Олар судьяларды жауапкершіліктен іс жүзінде босатып отырған баптарды алып тастау, әділетсіз немесе сыбайлас шешімдер үшін нақты жауапкершілік тетіктерін енгізу және азаматтар, құқық қорғаушылар мен тәуелсіз заңгерлердің қатысуымен сот жүйесін реформалау жөнінде ашық қоғамдық талқылау өткізуді ұсынды.

Мәселе Бас прокуратураның құзырында

Судья Әсел Досаеваны жауапқа тарту мәселесі Бас прокуратураның қарауында екені белгілі болды.

«Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, судьяны бірден ұстауға немесе әкімшілік жаза қолдануға болмайды, себебі бұл үшін арнайы рәсімдер қарастырылған. “Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы” Конституциялық заңға сәйкес, судьяның ерекше мәртебесі бар. Егер судья әкімшілік құқық бұзушылық жасаса, материалдар Бас прокуратураға жолданады, ал прокуратура өз кезегінде Жоғары сот кеңесіне ұсыныс енгізеді», — делінген Астана қалалық сотының баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде.

Сонымен қатар, баспасөз қызметі бұл іс бойынша материалдардың әзірге сотқа түспегенін айтып, қосымша ақпарат алу үшін азаматтарға полиция департаментіне жүгінуге кеңес берді. Ал Ішкі істер министрлігі, керісінше, бұл мәселеге қатысты сұрақтарды сотқа қою қажет екенін мәлімдеген. Осылайша, жағдай бойынша жауапкершілік сот пен полиция арасында бір-біріне сілтеніп, тұйық шеңберге айналған.

Президенттің ұстанымы — “Заң және тәртіп”

Айта кетсек, Конституцияға сәйкес судьяларды тағайындайтын президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде заң бұзғандардың барлығы жазалануы тиіс деген қағидатты ұстанып, оны “Заң және Тәртіп” принципі деп атайды.

Мас судья ісі

«Президентке хаттар» Telegram-арнасы таратқан мәліметке сәйкес, Әсель Досаева мас күйінде ғана емес, жүргізуші куәлігінсіз көлік жүргізген. 2 қараша күні полиция Mazda маркалы көлігін мас жүргізушімен бірге ұстағанын растады.

Кейін жағдаймен таныс дереккөз полицияның судьяны бірден қамауға ала алмайтынын хабарлады, себебі ол үшін заңда қарастырылған арнайы процедуралар бар.

Қазақстан заңнамасына сәйкес, мас күйінде көлік басқарған адам алғаш рет ұсталған жағдайда 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынады және жеті жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылады.

Алайда, осы уақытқа дейін Әсел Досаеваға қатысты бұл шара қолданылмаған.
 

Тэгтер:

заң тәртіп Мас судья