«Кінәні мойындау үшін ақша ұсынды». Bek Air ұшағы апатында қаза тапқан ұшқыштардың жесірлері сотта мәлімдеме жасады

Бүгін, 10:14 / Қайсар Қалам
Сурет: Zakon.kz

Алматы қаласында Bek Air әуе компаниясы ұшағының апатына қатысты сот отырысында қаза тапқан ұшқыштар – Марат Мұратбаев пен Мейіржан Молдақұловтың жұбайлары сөз сөйледі. Олар тергеу кезінде өздеріне қысым жасалғанын айтып, күйеулерінің атына тағылған айыптарды алып тастауды талап етті, деп хабарлайды Arasha.kz.

4 қараша күні өткен сотта жесірлер – Айгүл Мұратбаева мен Зәуреш Молдақұлова алғаш рет көпшілік алдында сот пен жапа шеккен жолаушыларға үн қатты, деп жазды Bes.media.

Екінші ұшқыш Мейіржан Молдақұловтың жұбайы Зәуреш Молдақұлова тергеушілердің күйеуіне ауруханада ауыр халде жатқан кезінде қысым көрсеткенін айтты.

«Отадан кейін бірден ІІМ тергеушісі келіп, күйеуімді жауап ала бастады. Ол кезде өте ауыр жағдайда еді. Бұл – азаптаумен тең нәрсе. Сол жауап алудан кейін жағдайы күрт нашарлады. Біздің  ойымызша, оны тергеуші өлтірді – тынығуға, емделуге мүмкіндік бермеді, бізді ауруханаға кіргізбеді. Біз күйеулеріміздің ақталуын қалаймыз. Енді олар тыныштық тапсын», – деді ол.

Айтуынша, кейін тергеушілер одан да ұшқыштарды кінәлі етіп көрсететін құжаттарға қол қоюды талап еткен.

Ал экипаж командирі Марат Мұратбаевтың жұбайы Айгүл Мұратбаева өзіне ірі көлемде ақша ұсынғанын мәлімдеді.

«Маған телефон шалып, айтарлықтай ақша ұсынды. Тек күйеуімді кінәлі деп тану туралы құжатқа қол қойсам болды деді. Менде сол әңгімелердің жазбалары бар. Біз адвокат іздеп жүргенде, олар “адвокат табамыз, тек қол қой” деді. Бар мақсаттары – күйеулерімізді айыпты ету еді. Ал неге әуежай мен заңсыз салынған үйлер тексерілмеді? Алты жыл бойы не істедіңіздер? Тек ұшқыштарға жабыстыңыздар», – деді ол ашына.

Айгүл Мұратбаева зейнетақысы небәрі 120 мың теңге екенін, сондықтан жолаушылар талап еткен өтемақыны төлеуге шамасы келмейтінін айтты.

«Біз әлі есімізді жия алмай жүрміз. Күйеуімізді кінәлады деп естіген сайын ішіміз өртенеді. Ал менің күйеуім “Беркутта” жұмыс істеді, ол – мемлекет атынан ұшқан ұшқыш. Ондай жерге кез келген адамды алмайды. Оны да, денсаулығын да, ҰҚК-де, дәрігерлер де тексерді. Енді келіп кінәлі дейді. Бұл әділетсіз», – деді ол.

Еске салайық, Bek Air әуе компаниясына тиесілі Fokker 100 ұшағының апаты 2019 жылғы 27 желтоқсанда Алматы маңындағы Гүлдала ауылында болған. Алматы – Нұр-Сұлтан бағытындағы Z92100/BEK2100 рейсін орындап шыққан ұшақ әуеге көтерілген сәтте биіктікті жоғалтып, оңға қарай ауытқып, бетон қоршауды бұзып, заңсыз салынған тұрғын үйге соғылған.

Ұшақта барлығы 98 адам болған (93 жолаушы және 5 экипаж мүшесі). Апат орнында командир Марат Мұратбаев пен 12 жолаушы көз жұмды. Бір айдан кейін екінші ұшқыш Мейіржан Молдақұлов алған жарақаттарынан ауруханада қайтыс болды.

Бұл іс бойынша тергеу мен сот процесі алты жылдан бері жалғасып келеді. Жесірлердің айтуынша, басты мақсат – күйеулерінің адал атын қорғау.
 

Тэгтер:

сот ұшақ апаты Bek Air