Астана соты мас күйінде көлік жүргізген судьяға қатысты мәлімдеме жасады

Бүгін, 10:35 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзден

Астана қалалық соты мас күйінде көлік жүргізген судьяға қатысты ресми мәлімдеме жасады. Сот өкілдері судьялардың ерекше мәртебесі олардың жауапкершіліктен босатпайтынын айтып, бұл оқиға салдарсыз қалмайтынын жеткізді, деп хабарлайды Arasha.kz.

«Судьяның мас күйде көлік жүргізгені жөніндегі ақпаратқа байланысты келесіні хабарлаймыз: Қазақстан Республикасының судьялары тәуелсіздікті қамтамасыз ететін ерекше құқықтық мәртебеге ие. Алайда бұл мәртебе заң бұзған жағдайда оларды жауапкершіліктен босатпайды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы материалдар Ішкі істер министрлігі тарапынан Бас прокуратураға жолданды. Бас прокуратура белгіленген тәртіпке сай бұл мәселені қарау үшін материалдарды Жоғары сот кеңесіне жібереді», – делінген соттың 5 қарашада таратқан хабарламасында.

Соттың түсіндіруінше, судьяларды қызметке тағайындау, тәртіптік жаза қолдану және қызметтен босату мәселелері Жоғары сот кеңесінің құзырында.

«Барлық тексерулер заңға сәйкес уәкілетті органдармен жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасының сот жүйесі заңдылық, әділдік және барлығының заң алдындағы теңдігі қағидаттарына берік. Бұл жағдай да тиісті құқықтық баға алып, заң аясында шаралар қабылданады», – деп мәлімдеді сот баспасөзі.

Бұған дейін Telegram-арна «Письма президенту» судья Әсел Досаеваның мас күйде, әрі жүргізуші куәлігінсіз көлік тізгіндегенін хабарлаған.

Полиция 2 қараша күні мас күйдегі Mazda жүргізушісін ұстағанын растады. Алайда тергеу кезінде судьяны қамауға алу үшін арнайы рәсімдер қажет болғандықтан, әзірге ол қамауға алынбаған.

Қазақстан заңнамасына сәйкес, мас күйінде көлік жүргізген адам 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, жеті жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылады.

Тоқаев өз кезегінде заң бұзған кез келген адам жазадан құтылмайтынын айтып, «Заң және тәртіп» қағидатын ұстанатынын мәлімдеген.

Ал ІІМ өкілдері 4 қарашада Әсел Досаеваның міндетті түрде жауапкершілікке тартылатынын ресми түрде уәде етті.

Тэгтер:

сот Астана судья мас