Қазақстан Республикасының ішкі саясат саласындағы жұмысты үйлестіру міндеті Президент Әкімшілігіне жүктелді. Бұл туралы «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлықта көрсетілген, деп хабарлайды Arasha.kz.
Орталық деңгейде ішкі саясатты іске асыру ісінде Үкімет атынан Үкімет Аппараты мен бірқатар министрліктер негізгі рөл атқаратын болады. Атап айтқанда, Мәдениет және ақпарат, Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту, Туризм және спорт, Қорғаныс, Ішкі істер, Әділет, Экология және табиғи ресурстар, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері, сондай-ақ Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен олардың өңірлік бөлімшелері осы бағытта жұмыс істейді.
«Жергілікті деңгейде ішкі саясатты жүзеге асыруға барлық деңгейдегі әкімдер, олардың ішкі саясат жөніндегі орынбасарлары және басқа да уәкілетті атқарушы органдар жауапты. Ішкі саясаттың тиімді іске асырылуына Қазақстан халқы Ассамблеясы, Ұлттық құрылтай, Парламент Мәжілісі жанындағы Қоғамдық палата, қоғамдық кеңестер және Президент, Парламент, Үкімет пен жергілікті органдар жанындағы кеңесші құрылымдар да белсенді атсалысады»,- делінген құжатта.
Сонымен қатар, бұл саладағы жекелеген бағыттар бойынша Парламент пен мәслихат депутаттары, адам, бала және әлеуметтік осал топтар құқықтары жөніндегі уәкілдер, саяси партиялар, БАҚ, үкіметтік емес ұйымдар, ғылыми және шығармашылық қауым өкілдері мемлекеттік органдармен бірлесе жұмыс істейді.