«Елде дағдарыс, банктермен әуре болудың қажеті жоқ» — депутат қаржы секторын сынға алды

Бүгін, 16:04 / Қайсар Қалам
Сурет: видеодан скрин

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек банк секторын қатаң сынға алып, екінші деңгейлі банктерді заң бұзушылыққа, сыбайлас жемқорлыққа және мемлекет алдындағы жауапкершіліктен жалтарды деп айыптады. Оның сыны бұрынғы премьер-министр Асқар Маминге де бағытталды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Депутаттың айтуынша, Қазақстандағы банктік жүйе жылдар бойы «арнайы мәртебеге» ие болып, банктік құпияны сылтау етіп заңды айналып өтуді әдетке айналдырған.

«Банктерді бюджет есебінен құтқарды. Оларға капиталды шетелге шығаруға ешкім кедергі болған жоқ. Әділ бәсекелестік шектелді. Банктердің мүддесінде банк ақпараттарына қол жеткізу де шектелді. Билік дәліздерінде банктік лобби қалыпты құбылысқа айналды. Банктерге заңды бұзуға және бақылау органдарының қысымынан қорғануға мүмкіндік берілді. Банктік құпияның заңмен қорғалуы — кез келген тексерістен «жасыл билет» іспетті», — деді Базарбек.

Ол банктер заң талабына қарамастан өз иелігінде ұстап отырған жер телімдерін мысалға келтірді. Заң бойынша, банк алған жерді алты ай ішінде игермесе, ол мемлекет меншігіне қайтарылуы тиіс. Алайда бұл тетік іс жүзінде жұмыс істемейді. Депутаттың айтуынша, банктер заңды айналып өту үшін проблемалық активтерді «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ-на өткізеді, ал қор бұл жерлерді жеке тұлғаларға сатады.

«Бұл – Жер кодексіндегі тыйым мен шектеуді айналып өтудің айласы. Мысалы, «Халық банкінің» кепілінде 2153 жер телімі бар, жалпы аумағы — 2 млн 589 мың гектар, құны — 166 млрд 884 млн теңге. Қорда 1298 жер телімі қалып отыр, олардың жалпы аумағы — 1 млн 159 мың гектар, құны — 53 млрд 126 млн теңге. Ал Асқар Маминнің 2020 жылы қол қойған хаттамасын алыңыз: онда 383 гектар алматылық жер бар, мектептер, ауруханалар мен балабақшалар салуға арналған, бірақ кейін ол жерлер құрылыс компанияларына беріліп кеткен», — деді ашынған депутат.

Базарбек банктердің мемлекеттен бұрын бөлінген миллиардтаған қаражатты әлі күнге дейін толық қайтармағанын еске салды. Оның айтуынша, он жыл бұрын берілген қаржы банктер тарапынан баяу өтеліп келеді. Мәселен, «Нұрбанк» 46 млрд теңгені 2030 жылға дейін, «Еуразиялық банк» 150 млрд теңгені 2032 жылға дейін қайтаруы тиіс.

«Ал «Alatau City Bank» мүлде «жұмақ» жағдайда — 950 млрд теңгені үш кезеңмен төлейді: біріншісі — 2034 жылы, екіншісі — 2034–2035 жылдары, үшіншісі — 2040–2045 жылдары. «РБК» банкі 176 млрд теңгені 2032 жылға дейін өтейді. Борышты өтеу мерзіміне осындай артықшылық беру — банктердің лоббиленуінің айғағы. Олар біздің ақшаны тиын-тебенмен қайтара ма?» — деп наразылығын білдірді депутат.

Оның сөзінше, банк секторы үшін мұндай жұмсақтық — қаржы құрылымдарының мүддесін қорғау. «Қарапайым азаматқа мұндай жеңілдік ешқашан берілмейді», — деді ол.

«Елде дағдарыс — ақша жоқ. Банктермен әуре болудың қажеті жоқ», — деп түйіндеді сөзін Базарбек.

Айта кетейік, депутат Бақытжан Базарбек бұған дейін де түрлі заңсыздықтар мен жер мәселелерін жиі көтеріп жүр. Соңғы мәлімдемелерінің бірі — Қапшағай су қоймасы мен Іле өзенінің маңындағы жер телімдерінің заңсыз иемденілуіне қатысты. Оның айтуынша, бұл жерлердің артында Нұрсұлтан Назарбаевтың туыстары мен белгілі олигархтар тұр.
 

Тэгтер:

депутат Бақытжан Базарбек банк секторы