Молдовадағы «Орыс үйі» жабылатын болды

Бүгін, 16:49 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзден

Кишиневтегі Орыс ғылым және мәдениет орталығы шын мәнінде мәдени мекеме болмаған, онда Молдова Республикасының егемендігіне нұқсан келтіруге бағытталған шаралар өткізілген. Бұл туралы жаңа үкіметтің алғашқы отырысында Молдова мәдениет министрі Кристиан Жардан мәлімдеді. Отырысты премьер-министр Александр Мунтяну басқарды, деп жазды молдова БАҚ-тары.

Министрлер кабинеті 1998 жылғы 30 қазанда қол қойылып, 2001 жылғы 4 шілдеде күшіне енген Молдова мен Ресей арасындағы мәдени орталықтарды құру және олардың жұмыс істеуі туралы келісімді бұзу жөніндегі заң жобасын бірауыздан қолдады. Бұл бастаманы Мәдениет министрлігі ұсынған.

Құжатты оқи отырып, Кристиан Жардан Ресейдің ғылым және мәдениет орталығы (РЦНК) Ресей президентіне тікелей бағынатын, Ресей Сыртқы істер министрлігінің қарамағындағы және халықаралық санкцияларға іліккен «Россотрудничество» агенттігі арқылы қаржыландырылып, басқарылғанын айтты.

«Еуропалық одақ “Россотрудничествоны” Кремльдің “жұмсақ күш” саясатын және гибридтік ықпалын жүзеге асыратын басты мемлекеттік агенттік деп сипаттайды. Ол, сонымен қатар, “орыс әлемі” деп аталатын идеологияны ілгерілетеді», — деді жаңа мәдениет министрі.

Ол сондай-ақ Украинадағы соғыс басталғаннан кейін және Молдоваға қарсы Мәскеудің ақпараттық шабуылдары мен тұрақсыздандыру әрекеттері жиілеген тұста, бұл келісім Ресей Федерациясының бұрмаланған насихаттық нарративтерін тарату құралына айналып, елдің ақпараттық қауіпсіздігіне қауіп төндіретінін атап өтті.

«Орыс мәдени орталығы шын мәнінде мәдени мекеме болған жоқ — оның атын жамылып, Молдова Республикасының егемендігіне нұқсан келтіретін іс-шаралар өткізілді», — деді Жардан.

Премьер-министр Александр Мунтяну мәдениет министріне бұл бастамасы үшін алғыс білдіріп, «бұл шешім көптен күткен әрі уақытылы қадам» екенін атап өтті.
 

Тэгтер:

ресей Молдова Орыс үйі