«Жұрттың баласы» арнасының авторы ЛГБТ туралы айтқан сөзі үшін сынға қалды

Бүгін, 21:51 / Arasha.kz

Қазақстандық әлеуметтік желілерде «Жұрттың баласы» арнасының авторы ЛГБТ тақырыбына қатысты пікірінен кейін қатты сынға ұшырады. Бұл пікір қоғамда Мәжіліс депутаттары ұсынып отырған «ЛГБТ-насихатына тыйым салу туралы» заң жобасына байланысты үлкен талқылау туғызды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Автор өз жазбасында мұндай заңның қажеті шамалы екенін айтып, мемлекеттің назарын нақты әлеуметтік және экономикалық мәселелерге аударуға шақырды.

«Басты сұрақ — басқа мәселе қалмады ма? Консервативті адамдар үшін бұл рейтинг жинаудың ең оңай жолы. “ЛГБТ насихатына тыйым салу” заңы әлемнің барлығында емес, тек бірнеше елде бар: Ресей, Венгрия, Болгария, Қырғызстан, Ирак, Нигерия және Уганда. Енді, бәлкім, бұл тізімге Қазақстан қосылар. Мемлекеттің басты міндеттерінің бірі — зорлық-зомбылықпен күресу. Ал бізде 15 депутат керісінше, мемлекетті дискриминация көзіне айналдыратын заңды талқылап отыр. Әрине, бәрі “балаларды қорғау” деген ұранмен бүркеледі. Бірақ билік балаларды бетке ұстаса — ол көбіне манипуляция», – деп жазды блогер.

Ол сондай-ақ өз тәжірибесі мен жүргізген сауалнамаларына сүйеніп, Қазақстанда ЛГБТ насихаты жоқ екенін атап өтті.

«Менің байқауымша, Қазақстанда “ЛГБТ-насихат” деген жоқ. Ал әлемде бар шығар. Мысалы, Netflix-тің кейбір сериалдары оқиғаға қатысы болмаса да, гей кейіпкерлерді күштеп енгізеді. Ондай сериалдарды мен қарамаймын. Бірақ АҚШ-тағы “woke” мәдениеті өліп барады. Сондықтан мұндай контент азая береді. Ал енді қарапайым сұрақ: сізге гейлер өмір сүруге кедергі келтіріп жатыр ма?» – деді ол.

Бұл мәлімдеме желі қолданушыларының үлкен наразылығын туғызды. Көптеген қазақстандықтар авторды дәстүрлі құндылықтарды менсінбеу және батыстық идеологияны дәріптеу деп айыптады. Бірақ кейбір қолданушылар керісінше, пікір білдіру еркіндігі мен төзімділік ұстанымын қолдап, қоғамда ашық диалогтың маңызын атап өтті.