АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Қазақстанға келеді

Бүгін, 11:09 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзден

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио келесі жылы Орталық Азия елдеріне сапар шегуді жоспарлап отыр. Сапар аясында ол Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанға барады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бұл туралы ол 6 қараша күні АҚШ Мемлекеттік департаментінде өткен қабылдауда мәлімдеді. Рубионың айтуынша, сапар бір апта немесе одан да ұзаққа созылады.

Мемлекеттік хатшының сөзінше, АҚШ пен Орталық Азия елдерінің мүдделері экономикалық даму, нарықтарға қолжетімділік және табиғи ресурстарды игеру салаларында тоғысады. Сондай-ақ Вашингтон бұл бағыттағы ынтымақтастықты екіжақты форматта да, С5+1 алаңында да кеңейтуге ниетті.

Рубио атап өткендей, АҚШ-тың Орталық Азияға деген қызығушылығы артып келеді. Әсіресе аймақтың пайдалы қазбаларына, соның ішінде Қазақстанның вольфрам қорларына қызығушылық жоғары. Бұл металл АҚШ Қорғаныс министрлігі үшін стратегиялық маңызға ие, себебі ол оқ-дәрі мен әскери техника өндірісінде қолданылады.

Шара барысында АҚШ сенаторы Стив Дейнс та сөз сөйлеп, Конгреске Джексон—Вэник түзетуін (1974 жылғы сауда шектеуі) жою жөнінде заң жобасын енгізетінін хабарлады. Бұл шектеу әлі де Қазақстан мен бірнеше посткеңестік елдерге қатысты күшінде.

Еске салайық, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазір Вашингтонда сапарда жүр. Ол АҚШ Президенті Дональд Трамппен кездесу өткізіп, «Орталық Азия – АҚШ» саммитіне қатысады.

Тэгтер:

АҚШ орталық азия Марко Рубио