Ақтөбе облысының Ырғыз аудандық жер қатынастары бөлімінің бастығы Медет Бердалин пара алғаны үшін 8,6 миллион теңге айыппұл төлейтін болды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Тергеу дерегінше, 38 жастағы Бердалин 2024 жылдың қыркүйегінде шаруа қожалығының басшысы Нұрдос Еркінғалиұлынан 300 мың теңге көлемінде «алғысын» алған. Фермер аудан әкімдігіне келіп, Ырғыз ауданының Нұра ауылдық округі аумағындағы қосалқы жер қорынан бір ай мерзімге малға жем-шөп дайындауға тегін жер телімін сұраған. Сол сәтте Бердалин бұл мәселені «жедел шешу» үшін пара алуды ойлаған.
Шенеунік сұраған 300 мың теңге кейін оның жұбайы арқылы берілген. Артынша Бердалин ұсталып, іс сотқа жіберілді.
Сотта айыпталушы кінәсін толық мойындап, іс жеңілдетілген тәртіппен қаралды. Нәтижесінде Бердалинге алынған пара сомасынан 30 есе көп – 9 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Алайда қамауда болған күндері есепке алынып, айыппұл мөлшері 8,6 миллион теңгеге дейін азайтылды.
Сонымен қатар оған мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда өмір бойы қызмет етуге тыйым салынды. Ал алынған пара мемлекет пайдасына тәркіленді.