Ақ үйдегі Тоқаев пен Трамптың кездесуінде 17 млрд доллардың келісімі жасалды

Бүгін, 08:25 / Қайсар Қалам
Сурет: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дональд Трамптың Ақ үйдегі келіссөзі 17 миллиард доллардан асатын келісімдер мен кеңейтілген стратегиялық серіктестіктің жаңа кезеңін айқындады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Мемлекет басшысы Ақ үйде өткен кездесуде АҚШ Президентіне Вашингтонға шақырғаны және қазақстандық делегацияға көрсеткен жылы қабылдауы үшін алғыс айтты, деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамптың президенттік қызметінің тарихи маңызына тоқталып, оның басшылығымен Америка Құрама Штаттары экономикалық, саяси және технологиялық тұрғыда әлемдік көшбасшылық орнын нығайтып келе жатқанын атап өтті.

Президенттің айтуынша, АҚШ көшбасшысы жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтауда, сондай-ақ әлемдік өркендеуді қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып отыр.

Қазақстан тарапы АҚШ Президентінің бітімгерлік бастамаларын толық қолдайтынын білдіріп, болашақта Орта дәліздің дамуына серпін беретін «Трамптың халықаралық бейбітшілік және өркендеу жолы» (TRIPP) бағдарламасына айрықша назар аударды.

Өз кезегінде Дональд Трамп Америка Құрама Штаттарының Қазақстанмен кеңейтілген стратегиялық серіктестікті тереңдетуге мүдделі екенін растады.

Сапар барысында жалпы құны 17 миллиард доллардан асатын бірқатар коммерциялық келісімге қол қойылды.

Келіссөздер кезінде екі ел арасындағы ынтымақтастықтың өзекті бағыттары талқыланып, серіктестіктің болашақ басымдықтары нақтыланды. Сондай-ақ, тараптар халықаралық күн тәртібіндегі маңызды мәселелер жөнінде пікір алмасты.
 

Тэгтер:

тоқаев АҚШ Трамп келісім